Теңіз атбалықтары жайлы қызықты фактілер

Теңіз атбалықтарын қоғамдық аквариумдардан жиі кездестіруге болады. Бұл балықтардың ерекшелігі — тігінен жүзуінде. Олардың иілгіш мойны мен төмен қарап тұрған түтік тәріздес ұзын тұмсығы бар. Ал денесінің төменгі бөлігінде заттарды орап ала алатын иілгіш құйрығы бар. Бұл балықтардың Hippocampus (ежелгі грек тілінен аударғанда — «ат», «теңіз құбыжығы») тұқымына жататын 47 түрі белгілі. Теңіз атбалықтары жайлы тағы не білуіміз керек?

Олар нашар жүзеді

Теңіз атбалықтарында басқа балықтардағы секілді жамбас, анал және құйрық жүзбеқанаттары жоқ. Оның орнына олар арқасындағы кішкентай жүзбеқанатты қозғау арқылы секундына 35 соққы жылдамдықпен жүзеді. Ал басқару арқадағы жүзбеқанаттан да кішкентай басының екі жанында орналасқан кеуде қанаттарымен іске асады. Бұл кеуде қанаттары құлаққа ұқсайды.

Олар өз түстерін өзгертудің шебері

Теңіз атбалықтары әдетте балдырлар қопасын, сондай-ақ әлем бойынша қоңыржай және тропикалық сулардағы маржан рифтерін қоныстайды. Олар түстерін өзгерте алады, ал кей түрлерінің бүкіл денесіне талшықтар (мұртшалар) шығуы мүмкін: бұл олардың қоршаған ортамен бірлесіп кетуіне көмектеседі.

Олар олжасын торуылдайды

Теңіз атбалықтары өздерінің түс өзгерту қабілетін олжасын торуылға түсіруге қолданады. Олар құйрығымен балдырларға жабысып, түсін сәйкесінше өзгертіп, қозғалмай күтеді. Содан соң жүзіп бара жатқан кез келген планктондарды немесе құртшабақтарды ұзын тұмсығымен сорып алады. Теңіз атбалықтары өз олжасын ұстап алу үшін одан бірнеше миллиметр қашықтықта болуы керек, сондықтан олар үшін түсін өзгерту қабілеті — өте маңызды фактор.

                                       

Оларда асқазан жоқ

Теңіз атбалықтарының тістері мен асқазаны жоқ. Тамақ олардың ас қорыту жолынан жылдам өтетін болғандықтан, олар өмір сүру және өсу үшін үнемі тамақ жеп жүру керек. Бір теңіз атбалығының өзі күніне 3000 асшаянын жей алады.

Олар көздерін қарама-қарсы жаққа қозғай алады

Теңіз атбалықтарының көздері бір-біріне тәуелсіз қозғала алады. Олар бір көзімен жыртқыштарды, ал екінші көзімен олжасын бақылай алады. Теңіз атбалықтарының сүйектері өте көп. Сондықтан олардың жалғыз жауы — теңіз шаяны. Сондай-ақ адамдар да теңіз атбалықтарын халық медицинасында қандай да бір құрал дайындауға немесе аквариумға салуға аулайды.

Олар өмір бойы бір атбалықпен жұптасады

Теңіз атбалықтарының көбі өмір бойы бір серікпен жұптасады, кейбіреулері ғана циклдан циклге жұбын өзгертеді. Оларды құйрықтарын біріктіріп, жұптасып жүзіп жүргенін жиі көруге болады. Олар неке биіне қатысады: айналады және түстерін өзгертеді.

Ұрпақты дүниеге теңіз атбалықтарының аталығы әкеледі

Теңіз атбалығының аталығы өз сөмкесінде жұмыртқаларды ұстап жүреді. Жұмыртқалардан толықтай қалыптасқан кішкентай теңіз атбалықтары жарып шыққан кезде оларды суға жібереді. Дүниеге 5-тен 1500-ге дейін атбалықтар келеді.

Олардың қазіргі жағдайы нашар

Теңіз атбалықтарының өмірлік циклі мен қоршаған ортасы оларды әлсіз етеді: адамдар оларды оңай аулап алады. Көпшілік мәдениет, әсіресе, қытай медицинасында теңіз атбалықтарының  емдік қасиеті бар деп саналады: олардың кептірілген денесі тері жұқпаларын және демікпені алдын алады және емдейді. Бірақ ол ешқандай дәлелденбеген. Жылына 25 миллион теңіз атбалығы қытай медицинасына сатылады. Теңіз атбалықтары ауға оңай түсетіндіктен олар өз популяциясын толықтырып үлгермеуде. Бұл олардың санының күрт азаюына әкеліп отыр.