Қытайда Жаңа жылды қалай қарсы алады?

Жаңа жыл тойлау көптеген елдің тарихында түрлі кезеңдерде пайда болып қалыптасқан. Бұл дәстүр Месопотамиядан басталған деседі. Сонымен бірге қытайлар да Жаңа жылды ертеден тойлаған халық саналады.

Қытайдың түрлі көне салт-дәстүрлері мен аңыздары жетерлік. Жаңа жылға байланысты ежелгі аңыздарының бірі бойынша, әр жаңа жылдың басында қытайлар Ниен атты құбыжықтан жасырынады. Ниен дегеніміз қытай тілінен аударғанда "жыл" ұғымын білдіреді. Ниен жаңа жылдың бірінші күні келеді. Ол төрт-түлікті, астықты немесе азық-түлікті, ал кей кезде ауыл тұрғындарын, әсіресе кішкентай балаларды да жалмап кетуі мүмкін. Тұрғындар өзін қорғау үшін үйдің кіреберісіне әр Жаңа жыл сайын тамақ қояды. Аңыз бойынша, тамақ неғұрлым көп болса, құбыжық та соғұрлым мейірімді болады. Олардың нанымы бойынша Ниен өзіне дайындалған тағамға қанағаттанғаннан кейін адамдарға шабуыл жасамайды. Бір күні адамдар Ниеннің қызыл киім киген кішкентай баладан қорқып кеткенін байқап қалып, оны қызыл түстен  қорқады деген шешімге келген. Содан бері Жаңа жыл сайын адамдар үйінің есік-терезесіне қызыл шамдар мен қызыл шиыршықтар іліп, отшашулар атып тұрады. Аңызға сәйкес, бұл дәстүр құбыжықты қорқытады және оны елдімекендерді айналып өтуге мәжбүр етеді.

Қытайда дәстүрлі жаңа жыл Чунцие деп аталады. Оны 21 қаңтардан 21 ақпанға дейін тойлайды. Бұл мейрам көктеммен тікелей байланысты. Олардың пайымдауынша, көктем келуімен айнала ызғарлы қыстан кейін қайта құлпырып, табиғат оянады, сонымен бірге жаңа жыл келеді. Қытайда жаңа жыл кезінде ешқандай негатив сөздерді айтуға болмайды. Сонымен бірге наным бойынша дәрігерге көрінуге немесе дәрі ішуге болмайды. Тағы бір наным: мейрам кезінде қарыз берген адамына барып, қарызын қайтаруын талап етуіне тыйым салынады. Жаңа жылдық сыйлық жасағанда мұқият болу керек, мысалы жасы үлкен кісілерге сағат сыйлау әбестік болуы мүмкін. Достарға қолшатыр сыйлауға болмайды, ол достығымыз аяқталды немесе адал дос болмадың деген ниетті білдіруі мүмкін. Осы секілді мерекеде сыйлауға болмайтын заттар қатарына сүлгі, дәрі-дәрмек, аяқкиім, өткір заттар, ақ немесе қара түсті заттар жатады. Жаңа жылда дәстүрлі тағамдар міндетті түрде дастарханда болуы керек. Әдетте олар мерекелік дастарханға дәстүрлі қытай тұшпараларын яғни "цзяоцзы" дайындайды. Қытай Жаңа жылының мәзіріне "Чунцзюань" қытай рулеттері, күріш ұнынан жасалған "Нянгао" бәліші, "Таньюань" шар тәріздес тәттілер, "Чаншоумиен" кеспесі және жемістердің ішінде мандарин мен апельсин болады. Сонымен бірге жаңа жылдық дастарханда балықтан жасалған тағамның болуы өте маңызды, өйткені ол дәулет пен байлықты білдіреді. Егер дастарханда балықтан жасалған тағам болса, ол келе жатқан жылда үй егесіне материалдық жағдайы жақсарады деген наным бар. Жаңа жыл кезінде түрлі жылтыр әшекейлер таққан дұрыс. Қытайда өте маңызды әрі халық ұнататын 3 түс бар: қызыл, сары және жасыл. Қызыл түс "Хон" Қытайдағы ең танымал түс. Ол бақыт, сұлулық, өміршеңдік, сәттілікті бейнелейтін ұлттық түс. Сары түс "Хуан" бұл империялық ұлылық пен жоғарғы күштің белгісі. Қытайдың басты өзені Хуанхэ  қытай тілінен аударғанда "сары өзен" мағынасына ие. Жасыл түс "Лю" байлықтың, құнарлықтың, қайта туудың, үміттің, үйлесімнің түсі. Бұл сондай-ақ тазалық пен айқындықты бейнелейді. Жаңа жыл кезінде олар қызыл түсті киімдерді көп киеді.

Мереке кезінде Қытайда үйдің есіктеріне немесе қабырғаларына ниенхуаны яғни "жаңа жылдық суреттерді" іледі. Онда аңыз кейіпкерлері немесе түрлі өсімдіктер, гүлдер бейнеленеді. Ниенхуаны ілу мерекелік көңіл күй мен жаңа жылға деген жақсы тілектерді білдіреді. Қытай жаңа жылы кезінде кеңсе ғимараттарында және үйдің есіктерінде ілулі тұрған  қызыл шамдарды көруге болады, наным бойынша қызыл шамдар бақытсыздықтан  және қиындықтардан сақтайды. Жаңа жыл кезінде үйді безендіру барысында қызыл қағаздан қиылған төртбұрышқа "бақыт" деген мағынаға ие "Фу" иероглифін қара сиямен жазады. Бұл отбасыға бақыт пен шаттық сыйлайды деген мағынаға ие.

Қытайда Жаңа жылды барынша қызық әрі көңілді тойлау керек. Жаңа жылды олар отбасылық мереке деп біледі, сондықтан әркім барынша өз үйінде өз отбасымен қарсы алады. Кешке қарай отшашуларды көптеп атады, сонымен қатар тілек тілеп аспанға қытай шамдарын ұшырады.

Дайындаған: Айкена Айтбай