- Негізгі бет
- Әлемтану
- 2020 жыл тарихтағы...
2020 жыл тарихтағы ең ыстық жыл болуы мүмкін
Еуропа мен АҚШ ғалымдарының болжауынша, биыл әлемде 2019 жылдағыдай рекордты ыстық ауа райы тіркелуі мүмкін. Бұл туралы The Times хабарлады.
2019 жыл адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болған еді. Ал 2020 бұл рекорд жаңаруы мүмкін.
АҚШ Ұлттық Мұхит және Атмосфера Әкімшілігінің (NOAA) мәліметтері бойынша, 2020 жылдың алғашқы 3 айы адамзат тарихындағы ең ыстық айлардың бірі ретінде тіркелген. Бұл айлар 2016 жылдың алғашқы 3 айындағы рекордтық температурадан кейінгі ыстық маусым болған.
NOAA ғалымдары 2020 жыл 75 пайыз ықтималдылықпен тарихтағы ең ыстық жыл, ал 99,9 пайыз ықтималдылықпен ең жоғары температура тіркелген жылдар бестігіне кіретін болады деп болжанған.
Жаһандық жылынуға қатысты биылғы жылдың басты жаңалықтары
Әсіресе Еуропада температура белсенді түрде көтерілуде. Мұнда XIX ғасырдан бері орташа температура 2 градусқа көтерілді. Бұл көрсеткіш бүкіл әлем бойынша 1,1 градусқа артқан.
Климаттың өзгеруін бақылау қызметі Copernicus-тің мәліметінше, Еуропадағы ең ыстық 12 жылдың 11-і 2000 жылдан кейін тіркелген.
Ғалымдар мұздың еруі жылдан жылға жылдамдап бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. БҰҰ-ның мұздардың еруі бойынша жасаған есебіне сәйкес, 2005 жылдан бері теңіз деңгейі XX ғасырға қарағанда 2,5 есе тез көтеріліп келеді. Климат бойынша БҰҰ сарапшылары тобы көмірқышқыл газы қазіргідей деңгейде (CO2) шығарылатын болса, мұздың еруі 2100 жылға қарай төрт есе артатынын ескертті.
2019 жылдың шілде айы адамзат тарихындағы ең ыстық айлардың бірі болды. Қатты ыстық салдарынан шілде айында Гренландиядағы мұз қалқанының 160 миллиард тонна мұзы еріп кетті. Салыстыру үшін айтатын болсақ, бұл көлемі "Астана Арена" стадионындай 160 миллион бассейнге тең. Осы ыстық салдарынан Антарктидадан соңғы 50 жыл ішіндегі ең үлкен айсберг бөлініп шықты. Оның салмағы – 315 миллиард тонна, аумағы – 1636 шаршы шақырым.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған есеп бойынша, соңғы он жыл тарихтағы ең ыстық жылдар болған. Зерттеушілер климаттың өзгеруі адамзаттың оған бейімделу қабілетін арттырады деген қорытындыға келген.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) 2019 жыл жаһандық температура 1850-1900 жылдардағы орташа деңгейден 1,1 ℃ жоғары болғанын мәлімдеген.
Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, парниктік газдан шығатын жылудың 90 пайызын мұхиттар өзіне сіңірген. Соның салдарынан мәңгілік мұздар еріп жатыр. Теңіз деңгейі көтеріліп адамдар өміріне қауіп төндіруде.
2019 жыл қазан айында теңіздің орташа деңгейі рекордтық дәрежеге жеткен, “мұның бәрі Гренландия 12 айда жоғалтқан 329 миллиард тонна мұз салдарынан” дейді мамандар. Мысалы, Венецияда былтыр су деңгейі жылдағыдан 2 есе көп (жылда 110 см көтерілсе, биыл 195 см көтерілген) көтеріліп, қаланың басым бөлігін су басып қалды.
Т. Раушанұлы