- Негізгі бет
- ӘЧ 2018
- Массагет бәйгесі. Төрт...
Массагет бәйгесі. Төрт ойыннан ұпайыңды түгенде!
Бүгін футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі "С" және "D" топтарындағы ойындар аяқталады. Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады. Бүгін ойнайтын құрамалар жайлы аз-кем ақпарат ұсынамыз.
Аустралия - Перу
Перу құрамасы бүгін әлем чемпионатындағы соңғы ойынын өткізеді. Аустралия да мундиальмен қоштасуы мүмкін. Бірақ жасыл құрлықтың өкілдерінде аздаған болса да мүмкіндік бар. Ол үшін Перуді екі немесе үш доп басымдығымен жеңу керек. Сондай-ақ Данияның көш басындағы Франциядан ұтылғанын тілейді.
Аустралия құрамасы өзіндік ойын мәнері бар құрама екенін байқатты. Алғашқы ойында Францияға 2:1 есебімен ұтылса, екінші ойында Даниямен тең (1:1) түсті. Екі голды да пенальтиден Единак соқты.
Перу құрамасы ширақ шабуылда ойнайтын команда екенін көрсеткенмен, әлі бірде-бір гол соға алған жоқ. Бүгін гол соғады деп сенім артқан шабуылшысы Джефферсон Фарфан алаңға шықпайды. Футболшы жаттығу кезінде жарақат алып қалған.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Аустралия: Райан — Рисдон, Сэйнсбури, Миллиган, Бехич, Леки, Муй, Единка, Арзани, Рогич, Юрич.
Перу: Гальесе — Адвинкула, Родригес, Рамос, Трауко, Йотун, Аквино, Каррилльо, Куэва, Флорес, Герреро.
Ойын Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсетеді. Сочиде өтетін кездесуге ресейлік төреші Сергей Карасев қазылық жасайды.
Дания - Франция
Франция құрамасы 1/8 финалға шығып үлгерді. Бүгін даттарды ұтатын болса немесе тең ойнайтын болса, топта бірінші орын алады. Егер әлдеқалай ғайыптан тайып ұтылатын болса, екінші орын алады. Екінші орын алса, D тобын бірінші орынмен түйіндейтін хорваттармен кездеседі.
Дания құрамасы плей-оффқа бір қадам басып тұр. Ол үшін бүгін тең ойнаулары керек немесе ұту керек. Ұтылған жағдайда екінші жолдама Аустралия мен Перу құрамалары арасындағы ойынның нәтижесіне байланысты.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Дания: Шмейхель— Дальсгаард, Кьяер, Кристенсен, Ларсен, Шене, Деланей, Брейтуэйт, Эриксен, Систо, Йоргенсен.
Франция: Манданда — Сидибе, Варан, Кимпембе, Хернандес, Дембеле, Н’Зонзи, Канте, Лемар, Гризманн, Жиру.
Ойын Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan ұлттық арнасы көрсетеді. Мәскеуде өтетін кездесуге бразилиялық төреші Сандро Рикки қазылық жасайды.
Исландия - Хорватия
Шақпақ жейделі құрама 1/8 финалға екі ойыннан кейін-ақ жолдама алып үлгерді. Алғашқы ойында Нигерияны 2:0 есебімен ұтса, екінші ойында Аргентинаны ойсырата жеңді. Топта бірінші орын алатыны даусыз. Сондықтан команданың бас жаттықтырушысы Исландияға қарсы кездесуге қосалқы құрамдағы ойыншыларды шығармақ. Ал олар негізгі құрамға ілігу үшін, әлем көз тіккен ойында бар қабілетін көрсету үшін тер төгетіні жасырын емес. Олар үшін - бұл бір мүмкіндік.
Исландия үшін де мүмкіндік бар. Ол викингтер де ірі есеп айырмасымен қарсыластарын ұтулары қажет. Ал Аргентина мен Нигерия 0:0 болғаны да тиімді. Мұндай жағдайда олар хорваттарды екі доп басымдығымен жеңуі тиіс болады.
Әлем чемпионатына алғаш қатысып жатқан Исландия құрамасы алғашқы ойында Аргентинамен тең ойнады (1:1). Екінші ойында Нигерияға есе жіберіп алды.
D тобында екінші жолдаманы иеленуге үш құраманың да мүмкіндігі бар. Барлығын бүгінгі ойында көретін боламыз.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Исландия: Халлдорссон - Севарссон, Арнасон, Рагнар Сигурдссон, Магнуссон - Гуннарссон, Альфредссон, Гудмундссон, Гилфи Сигурдссон, Бьярнассон - Финнбогасон
Хорватия: Калинич - Едвай, Чорлука, Вида, Пиварич - Бадель, Ковачич, Брадарич - Пьяца, Крамарич, Перишич
Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсетеді. Ростовта өтетін кездесуге испан төрешісі Антонио Матео Лаос қазылық жасайды.
Нигерия - Аргентина
Месси ойнайтын Аргентина ұлттық құрамасынан жанкүйерлер жоғары нәтиже күтті. Алайда бұл құрама топтағы алғашқы екі ойынын сүреңсіз өткізді. Исландиямен тең ойнап, хорваттардан ойсырай ұтылды.
Нигерияға қарсы ойын - Аргентинаның соңғы бір мүмкіндігі. Месси де осы мундиальда сәтті ойнамаса, ұлттық құрамадан кетуі мүмкін.
Нигерияда 3 ұпай бар. Аргентинамен тең ойнаса, Исландия бір доп айырмасымен жеңіске жетсе де, Африка құрлығынан келген құраманың жолы болмақ. Ұтатын болса жолдама ешқайда қашпайды.
Аргентина плей-оффқа шығу үшін Нигерияны ірі есеп айырмасымен ұту керек. Сондай-ақ Исландия хорваттарды ойсырата ұтпағанын тілейді.
Бұл топта бүгін нағыз тартысты ойындар болмақ. Құрамалардың ұпайы, доп айырмасы барлығы бірдей болған жағдайда фейр-плей рейтингіне қарайтын болады.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Аргентина: Армании - Тальяфико, Отаменди, Меркадо - ди Мария, Билья, Маскерано, Сальвио - Меса, Агуэро, Месси.
Нигерия: Узохо - Идову, Трост-Эконг, Балогун, Абдуллахи - Этебо, Ндиди - Ивоби, Микел, Мозес - Муса
Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan ұлттық арнасы көрсетеді. Санкт-Петербургте өтетін кездесуге түрік төрешісі Джюнейт Чакыр қазылық жасайды.
Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.
Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.
Болжамдар бәйгесіне бүгіннен бастап та қатыса берсеңіздер болады. Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!
О. Сансызбай