- Негізгі бет
- ӘЧ 2018
- Массагет бәйгесі. Фавориттер...
Массагет бәйгесі. Фавориттер мен аутсайдерлер текетіресі
Әлем чемпионатының 1/8 финалындағы ойындар жалғасады. Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады. Бүгін ойнайтын құрамалар жайлы аз-кем ақпарат ұсынамыз.
Бразилия - Мексика
Бүгін жанкүйерлер асыға күтіп отырған ойындардың бірі - Бразилия мен Мексика құрамаларының кездесуі. Алғашқысы өз тобында бірінші орын алса, екіншісі екінші орынмен шықты.
Тите жаттықтыратын құрама топтық кезеңді сәтті өткізді. Алғашқы ойында Швейцариямен тең түскенмен, кейінгі ойындарда Коста-Рика мен Сербияны айқын ұтты. Қазіргі таңда селесаоны букмекерлік орталықтар басты фаворит санауда.
Жарыс басында Неймардың жарақаты бары айтылды. Ал Сербияға қарсы өтетін ойын алдында футболшы толықтай сауыққаны белгілі болды. Өкінішке қарай, Дуглас Коста алдағы ойындарға жарақатына байланысты көмектесе алмайды. Сербияға қарсы ойында Марсело да 10 минуттан кейін алаңдағы орнын босатты. Оның жарақаты ауыр болмаса да, ойынға шығуы белгісіз. Оң қапталдағы қорғаушы Данило командамен жаттығуда. Бүгін Ресей жеріндегі алғашқы ойынына шығуы мүмкін.
Мексиканың топтан шығуының өзі жанкүйерлер күтпеген тосынсый болды. Алғашқы ойында соңғы әлем чемпионы атанған Германия құрамасын ұтты. Екінші кездесуде Оңтүстік Корея құрамасынан 3 ұпай алды. Ал соңғы ойында шведтерден ойсырай ұтылды. 6 ұпаймен топтан шыға алмай қала жаздады. Мексикалықтардың бақытына орай Оңтүстік Корея Германия құрамасын ұтты. Нәтижесінде екінші жолдама Мексикаға бұйырды.
Қос құрама өзара 41 рет кездесіпті. Оның 24-де Бразилия құрамасы, 10-да Мексика ұтқан. 7 ойын тең аяқталған.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Бразилия: Алиссон – Марсело, Силва, Миранда, Данило, Каземиро, Паулиньо, Коутиньо, Неймар, Жезус, Виллиан.
Мексика: Очоа, Гальярдо, Морено, Сальседо, Альварес, Эррера, Гуардадо, Лайюн, Вела, Лосано, Чичарито
Ойын Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan және QazSport арналары көрсетеді. Кездесуге италиялық төреші Джанлука Рокки қазылық жасайды.
Бельгия - Жапония
1/8 финалдағы тағы бір ойын Бельгия мен жолы болған Жапония құрамалары арасында өтеді. Күншығыс елінің құрамасын неге жолы болды десек, оның өзі бір қызық. Топта Сенегалмен ұпайы да, доп айырмасы да, өзара кездесуі де тең болды. Нәтижесінде fair play ережесі бойынша аз сары қағаз алғаны үшін топта екінші орын алды. Бұл ережені ФИФА 2016 жылы енгізген болатын.
Бельгия құрамасы - осы әлем чемпионатындағы фавориттердің бірі. Кіл мықты құрамалардың біршамасы жарысты аяқтап үлгерді. Ал бельгиялықтардың аяқ алысы жаман емес. Топта 9 ұпаймен бірінші орын алды. Құрамындағы ойыншылардың барлығы Еуропаның маңдайалды клубтарында ойнайды. Сондықтан да Бельгияны ұтылады деп айту қиындау. Ал жапондар ширек финалға шығып жатса, нағыз сенсация болмақ.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Бельгия: Куртуа - Вертонген, Компани, Алдервейрелд - Витсель, Де Брюйне, Карраско, Мунье - Мертенс, Азар - Лукаку
Жапония: Кавашима - Шакаи, Йошида, Шои, Нагатомо - Хасебе, Шибасаки - Харагучи, Кагава, Инуи - Осако
Ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan және QazSport арналары көрсетеді. Кездесуге сенегалдық төреші Маланг Дьедью қазылық жасайды.
Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.
Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.
О. Сансызбай