- Негізгі бет
- ӘЧ 2018
- Массагет бәйгесі. Бүгін...
Массагет бәйгесі. Бүгін қола жүлдегер анықталады
Бүгін футболдан Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатының қола жүлдегері анықталады. Осы ойынмен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады. Бүгін үшінші орынды Бельгия мен Англия құрамалары сарапқа салады.
Бельгия-Англия
Айға созылған доп додасы мәресіне жақындай түсті. Ресей жеріне келген 32 үздіктің ішінде 4-еуі жүлделі орындарға таласады. Жартылай финалда Бельгия Франциядан, Англия Хорватиядан жеңіліп, енді екеуі қола жүлдеге тартысқа түседі. Болжам жасаушылар Бельгия мен Англияны да алтыннан басты үміткер құрамалар қатарына қосқан еді. Десе де олар соңғы сәтте қарсыластарына есе жіберіп қойды. Сондықтан енді олар қоладан да құр қалмауға тырысады.
Биылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде Англия жоғары нәтиже көрсетті. Олар 10 кездесудің небәрі екеуінде тең түсіп, қалғанының барлығында ұпайды шашау шығарған жоқ. Үшінші турда бүгінгі қарсыласы - Бельгияға 0:1 есебімен жол беріп қойды. Қалған екеуінде Тунисті 2:1, Панаманы 6:1 есебімен жеңді. Жарыстың 1/8 финалдық сатысында Колумбияны пенальти тебуден орта жолда қалдырып, Швецияны 2:0 есебімен тізе бүктірді. Жартылай финалда Хорватияға 1:2 есебімен ұтылды.
Бельгияның да іріктеу кезеңінен іркілмей өткенін жанкүйерлер жақсы біледі. Бельгиялықтар 10 кездесудің 9-да қарсыластарын қапы қалдырып, 1-де ғана тең түсті. Финалдық кезеңнің топтық сатысында да олар өздеріне сенімді ойын көрсетті. Панаманы 3:0, Тунисті 5:2 есебімен жеңіп, одан кейін ағылшындардан айласын асырды. Жарыстың 1/8 финалдық ойынында Жапонияны 3:2, одан кейін Бразилияны 2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалда Францияға 0:1 есебімен есе жіберді. Бельгия бүгінгі күнге дейін әлем біріншілігінде үздік үштіктен көрінген емес. Тек 1986 жылы 3-орын үшін сайыста Францияға 2:4 есебімен жол беріп, жүлдегер атанудан құралақан қалған еді. Сол олқылықтың орнын биыл толтыра ала ма?
Бельгия мен Англия арасында бүгінге дейін 22 кездесу өткен екен. Бельгия көп жағдайда ағылшындарға есе жіберді. Небәрі 2 кездесуде жеңіске жеткен. Алғашқысы 1936 жылы болған жолдастық кездесу. Онда Бельгия 3:2 есебімен мықтылығын танытты. Одан кейінгі жеңіс биылғы топтық кезеңде болды. Ал 15 ойында ағылшындар жеңіс тойын тойлаған. Сондай-ақ, 5 кездесу тең аяқталған.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Бельгия: Куртуа - Вертонген, Компани, Алдервейрелд - Витсель, Де Брөйне, Шадли, Менье - Феллаини, Азар – Лукаку
Англия: Пикфорд - Магуайер, Стоунз, Уолкер - Хендерсон - Янг, Алли, Лингард, Триппьер - Стерлинг, Кейн
Ойынға Ирандық Алиреза Фагани төрелік етеді.
Бұл матч бүгін Санкт-Петербург қаласында болады. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде Астана уақытымен сағат 20:00-де көрсетіледі.
Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады. Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз. Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.