- Негізгі бет
- ӘЧ 2018
- Массагет бәйгесі. Бүгін...
Массагет бәйгесі. Бүгін жартылай финалда кездесетін екі құрама белгілі болады
Футболдан әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан екі құрама бүгін белгілі болады. Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады. Бүгін ойнайтын құрамалар жайлы аз-кем ақпарат ұсынамыз.
Швеция – Англия
Әлем чемпионатында 6 құрама қалды. Барлығы – Еуропаның құрамалары. Кеше Оңтүстік Америка құрлығынан қалған Уругвай мен Бразилия жарысты аяқтады.
Швеция әлде Англия? Екі құраманың бірін жартылай финалда күтеміз. Ағылшындар осыған дейінгі барлық ойында қақпаларына гол өткізіп келді. Есесіне 10 гол соқты. Харри Кейн үздік сұрмергендер көшін бастап тұр. 1/8 финалда аса тартысты өткен ойында Колумбияны ұтты. Ойын соңындағы пенальти сериясында жеңіске жетті. Өз тарихында алғаш рет мундиальда пенальтиден жеңіске жетті.
Швеция құрамасына Германия ғана гол соқты. Немістер ғана ұтты. Өзге ойындарда шведтер қарсыластарынан айқын басым шықты. Скандинавия түбегі өкілдерінің жартылай финалға шығуларына да мүмкіндіктері бар.
Қос құрама өзара 23 ойын өткізген. 7 ойында Англия, 7 ойында Швеция жеңіске жеткен. 9 ойын тең аяқталған.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Швеция: Ольсен – Люстиг, Линделеф, Гранквист, Аугустинссон – Форсберг, Экдаль, Свенссон, Классон – Тойвонен, Берг.
Англия: Пикфорд - Магуайер, Стоунз, Уолкер - Хендерсон - Янг, Алли, Лингард, Триппьер - Стерлинг, Кейн.
Ойын Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсетеді. Ойынға нидерланд төрешісі Бьорн Куйперс қазылық жасайды.
Ресей – Хорватия
1/8 финалда нағыз сенсация жасаған Ресей құрамасы бүгін Хорватиямен кездеседі. Сочиде өтетін ойын Астана уақытымен түнгі 00:00-де басталады.
Хорваттар өз тобындағы үш ойында да жеңіске жетті. Ал 1/8 финалда Даниямен тең ойнап, ойын соңындағы пенальти сериясында үздік шықты. Сондай-ақ шақпақ жейделі құрама жүйелі ойынымен жанкүйерлерін қуантып келеді.
Ресей құрамасы сапынан Юрий Жирков алаңға шықпайды. Ал алғашқы ойында-ақ жарақат алған Алан Дзагоевтің бүгін алаңға шығуы белгісіз. Ал хорваттар сапынан Стриничтің жарақаты бар.
Екі құрама өзара 3 рет кездескен. Бір ойында хорваттар жеңіске жетсе, екі ойын тең аяқталған.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Ресей: Акинфеев – Фернандес, Кутепов, Игнашевич, Гранат, Кудряшов – Зобнин, Кузяев – Головин, Черышев – Дзюба
Хорватия: Субашич – Стринич, Вида, Ловрен, Врсалько – Ракитич, Брозович, Модрич – Перишич, Ребич, Манджукич
Ойынға бразилиялық төреші Сандро Риччи қазылық жасайды.
Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.
Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.
О. Сансызбай