- Негізгі бет
- ӘЧ 2018
- Массагет бәйгесі. Бүгін...
Массагет бәйгесі. Бүгін "F" және "G" топтарындағы ойындар өтеді
Бүгін футболдан әлем чемпионатында 3 ойын өтеді. Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі өз жалғасын табады. Олай болса ойындарға қысқа шолуымызды ұсынамыз.
Швеция - Оңтүстік Корея
"F" тобындағы бірінші ойында Мексика Германияны ұтып, сенсация жасады. Бүгін топтағы Швеция мен Оңтүстік Корея құрамаларының ойыны өтеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсетеді.
Швеция мен Оңтүстік Корея құрамалары өзара төрт рет кездескен. Екі ойында Скандинавия түбегінің өкілдері жеңіске жетсе, екі ойын тең түскен. Тіпті 1948 жылғы Олимпиада ойындарында шведтер 12:0 есебімен де ұтқан. Ал 2005 жылы өткен екі жолдастық кездесуде құрамалар тең тарқасқан.
Швеция әлем чемпионаты жолдамасына оңай иеболған жоқ. Іріктеудегі топтық кезеңде Францияға жол беріп, екінші орын алды. Қосымша жолдамаға талас кезінде Италия құрамасы қарсылас атанды. Өз алаңында скуадра адзурраны 1:0 есебімен ұтып, қонақта тең түсті (0:0).
Оңтүстік Корея құрамасы әлем чемпионатына оныншы рет қатысқалы жатыр. Ең үздік нәтижесіне 2002 жылы қол жеткізген. Өз жерінде өткен жарыста 4-орын алды. Төрешілердің көмегі тигені де бар...
Швеция құрамасының бас жаттықтырушысы Янн Андерссон тіс қаққан маман. Қай құрамаға қалай ойнау керек екенін, қандай жүйе ұстауын жақсы меңгерген. Көбіне команданың қорғанысына баса мән береді.
Оңтүстік Корея құрамасы сенім артатын ойыншылардың бірі - Сон Хын Мин. Ағылшынның Тоттенхэм клубында ойнайтын форвард командасын алға сүйреуге күш салатын болады.
Командалардың негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін құрамы:
Швеция: Ульсен - Лустиг, Гранквист, Линделеф, Августинсон - Классон, Ларссон, Экдаль, Форсберг - Берг, Тойвонен.
Оңтүстік Корея: Ким Сон Ю - Ли Юн, Ким Янг Вон, Чжан Хенсуо, Парк Юохо - Ки Сунь Юнг, Юнг Воой Ун - Хван Хечан, Ли Джезунг, Хын Мин - Ким Син Ук.
Нижний Новгородта өтетін ойынға сальвадорлық төреші Джоэл Агилар қазылық жасайды.
Бельгия - Панама
G тобындағы ойындар Бельгия және Панама кездесуімен басталады. Топ фавориті мен аутсайдері арасындағы ойын Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan арнасы көрсетеді.
Мексика Германияны ұтқандай, Панама Бельгияны ұтады деп болжау қиын. Мексикамен бұл құраманы салыстыру әрине қисынға келмейді. Панама құрамасы әлем чемпионатына алғаш рет қатысқалы жатыр. Сондай-ақ бүгін алғашқы ойындары. Қарсыластары - Еуропаның ең үздік клубтарында ойнайтын кіл мықты аяқдоп шеберлері.
Екі құрама осыған дейін өзара кездеспеген. Бельгия құрамы ең қымбат құрамалардың бірі. Ал Панама құрамы ең арзан құрама. Командада танымал бірде-бір футболшы жоқ. 23 ойыншысының жалпы құны 11 миллион еуроға тең.
Бүгінге ойынға Бельгия құрамасы сапынан жарақатына байланысты Винсент Компани мен Томас Вермален қатыса алмауы мүмкін.
Командалардың негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін құрамы:
Бельгия: Куртуа - Вертонген, Боята, Алдервейрелд - Менье, Витсель, Де Брюйне, Карраско - Мертенс, Эден Азар, Лукаку.
Панама: Пенедо - Роман Торрес, Эскобар, Мурильо, Дэвис - Гомес, Годой, Купер, Барсенас, Родригес - Перес.
Сочиде өтетін ойынға замбиялық төреші Янни Сиказве қазылық жасайды.
Тунис - Англия
Англия құрамасы 2014 жылғы әлем чемпионатында өлім тобына түсіп, плей-оффқа шыға алмаған еді. Бұл жолғы қарсыластары ол жолғыдай емес. Алғашқы ойында Туниспен, одан кейін Панама және Бельгиямен ойнайды.
Англия мен Тунис құрамалары соңғы рет 1998 жылы әлем чемпионатының топтық кезеңінде ойнаған. Ағылшындар 2:0 есебімен жеңіске жеткен. Ал 1990 жылы өткен бір ойында командалар 1:1 есебімен тең тарқасқан екен. Ағылшындар әлем чемпионатында Африка құрлығынан келген құрамалардан ұтылып көрмеген.
ВВС басылымы жазғандай, ағылшындық жанкүйерлер әлем чемпионатында ұлттық құрамадан жоғары нәтиже күтпейді. Себебі бас жаттықтырушы Гарет Саутгейт мансабында алғаш рет ірі жарысқа командасын бастап шықпақ. Сондай-ақ команда ойыншылары әлі жас екенін де алға тартып отыр. Дегенмен Англия құрамасы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі мен жолдастық кездесулердегі нәтижелеріне көз жүгіртер болсақ, жақсы дайындықпен келгенін байқауға болады.
Тунис құрамасы әлем чемпионатына бесінші рет қатысқалы жатыр. Осыған дейінгі төрт жарыста да топтық кезеңнен шыға алмаған.
Командалардың негізгі құрамда алаңға шығуы мүмкін құрамы:
Тунис: Хассен - Маалуи, С. Юссеф, Мериа, Бронн - Сасси, Шхири - Слити, Хауи, Бадри - Б. Юссеф
Англия: Пикфорд - Магуайер, Стонуз, Уолкер - Хендерсон - Янг, Алли, Лингард, Триппьер - Стерлинг, Кейн
Волгоградта өтетін кездесуге колумбиялық төреші Вилмар Ролдан қазылық жасайды.
Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.
Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.
Болжамдар бәйгесіне бүгіннен бастап та қатыса берсеңіздер болады. Өйткені алда әлі 53 ойын бар. Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!
Болжамдар бәйгесіне қатысушылар рейтингі
О. Сансызбай