- Негізгі бет
- ӘЧ 2018
- Массагет бәйгесі. Бүгін...
Массагет бәйгесі. Бүгін 1/8 финалға шыққан тағы 4 құрама белгілі болады
Бүгін футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі "F" және "Е" топтарындағы ойындар аяқталады. 1/8 финалға шыққан тағы 4 құрама белгілі болады. Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады. Бүгін ойнайтын құрамалар жайлы аз-кем ақпарат ұсынамыз.
Мексика - Швеция
"F" тобында екі ойында да жеңіске жеткен Мексика құрамасы көш бастап тұр. Бүгін шведтерді ұтып, немесе тең ойнаса жеткілікті. Швецияға есе жіберген күннің өзінде Германия мен Оңтүстік Корея құрамалары арасындағы ойын да өз әсерін тигізеді.
Сонымен ұпайлары тең болса, доп айырмашылығына қарайды. Бұл нәтиже де тең болса, соққан голдары маңызға ие болады. Барлығы тең болса, фейр-плей рейтингі бойынша жолдама алған құрама анықталатын болады.
Екі құрама өзара 9 рет кездескен. Оның 4-де еуропалық ұжым жеңіске жетсе, 2-де Мексика басым түскен. 3 ойын тең аяқталған.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Швеция: Ольсен, Лустиг, Янссон, Гранквист, Аугустинссон, Клаессон, Ларссон, Экдаль, Форсберг, Тойвонен, Берг.
Мексика: Очоа, Гальярдо, Айяла, Морено, Сальседо, Эррера, Гуардадо, Лосано, Вела, Лаюн, Эрнандес.
Ойын Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсетеді. Кездесуге аргентиналық төреші Нестор Питана қазылық жасайды.
Оңтүстік Корея - Германия
"F" тобындағы бір жолдаманы иеленуге Германияның зор мүмкіндігі бар. Бірінші ойында Мексика құрамасына ұтылғанмен, шведтерге қарсы кездесуде барын салды. Соңғы минутта Тони Кроостың тепкен добы қақпа төрінен табылып, немістерге зор үміт пен жарқын жеңіс сыйлады.
Оңтүстік Корея құрамасының да топтан шығуға мүмкіндігі бар. Ол үшін Германия құрамасын кем дегенде екі доп басымдығымен ұтып, Швецияның Мексикадан ұтылғанын күтеді. Дегенмен бұл ойында Германия фаворит екені жасырын емес.
Екі құрама әлем чемпионатында екі рет (1994, 2002 ж) кездескен. Екі ойында да Германия құрамасы жеңіске жеткен. Ал 2004 жылы өткен жолдастық кездесуде кәрістер 3:1 есебімен ұтып кеткен.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Оңтүстік Корея: Хён Ву - Йонг Вон, Хюн Су, Хон Чул - Хи Чхан, Джа Чхоль, Чон У Йон, Ли Сын У - Ли Дже Сон, Сон Хын Мин
Германия: Нойер - Киммих, Шюле, Хуммельс, Гектор - Гюндоган, Кроос - Мюллер, Ройс, Вернер - Гомес
Ойын Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan ұлттық арнасы көрсетеді. Кездесуге АҚШ-тан келген төреші Марк Гейгер қазылық жасайды.
Сербия - Бразилия
"Е" тобында да плей-офф жолдамасы ерте шешілген жоқ. Коста-Рика ғана жарысты топтық кезеңде аяқтаса, Сербия, Бразилия мен Швейцария екі жолдамаға таласады.
Сербия соңғы турда Бразилиямен кездеседі. Балқан түбегі өкілдері үшін бүгін тек жеңіс керек. Сонда ғана 1/8 финалға шығады. Ал Бразилияға сербтермен тең ойнаса да жеткілікті.
Бразилия құрамасы талантты ойыншыларға бай. Бас жаттықтырушы Титенің өзі кімді алаңға шығарарын білмей бас қатырып-ақ жүргендей. Жолдастық кездесулерде тамаша ойнаған Виллиан әлем чемпионатында өзін жақсы қырынан көрсете алмауда. Бүгін тағы бір мүмкіндік беруі бек мүмкін.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Сербия: Владимир Стойкович; Антонио Рукавина, Бранислав Иванович, Душко Тошич, Александар Коларов; Неманья Матич, Лука Миливоевич, Сергей Милинкович-Савич, Душан Тадич, Филип Костич; Александар Митрович.
Бразилия: Алиссон, Фагнер, Тиаго Силва, Миранда, Марсело; Каземиро, Паулиньо; Виллиан, Филиппе Коутиньо, Неймар; Габриэль Жезус.
Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan ұлттық арнасы көрсетеді. Кездесуге ирандық төреші Алиреза Фагани қазылық жасайды.
Швейцария - Коста-Рика
Коста-Рика мундиальдағы соңғы ойынын өткізеді. Олар үшін әлем чемпионаты аяқталды. Ал Швейцарияның бір жолдаманы иеленуге зор мүмкіндігі бар. Тең ойнаса да, 1/8 финал жолдамасы қалтада.
Швейцария сербтерге қарсы ойында нағыз мінез танытты. Ұтылып тұрып, жеңіске бастар жолды тапты. Ал алғашқы ойында Бразилиямен тең ойнады.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Швейцария: Зоммер — Лихтштайнер, Шер, Аканжи, Родригес, Бехрами, Джака, Шакири, Джемаили, Цубер, Сеферович.
Коста-Рика: Навас – Гамбоа, Дуарте, Гонсалес, Акоста, Овьедо, Венегас, Гусман, Борхес, Руис, Уренья.
Нижний Новгородтағы ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсетеді. Кездесуге француз төрешісі Турпен қазылық жасайды.
Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.
Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.
Болжамдар бәйгесіне бүгіннен бастап та қатыса берсеңіздер болады. Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!
Болжамдар бәйгесіне қатысушылар рейтингі
О. Сансызбай