- Негізгі бет
- ӘЧ 2018
- Массагет бәйгесі. Бүгін...
Массагет бәйгесі. Бүгін 1/8 финалдағы ойындар басталады
Бүгін футболдан Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатында 1/8 финалдағы ойындар басталады. Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады. Бүгін ойнайтын құрамалар жайлы аз-кем ақпарат ұсынамыз.
Франция - Аргентина
Дидье Дешам жаттықтыратын Франция құрамасы топтық кезеңде жарқын жеңістерімен жанкүйерлерін қуанта алған жоқ. Алғашқы ойында Аустралия құрамасын 2:1 есебімен, екінші ойында Перуді 1:0 есебімен ұтты. Ал Даниямен 0:0 есебімен тең тарқасты.
Француздар "С" тобында 7 ұпаймен 1-орын алды. Жарқын жеңісімен дегеніміз, қарсыластарынан бір бас жоғары екенін аса байқата қойған жоқ. Бәлкім, бар күшін плей-офф кезеңіне сақтай тұрған болар?...
Ал Аргентина құрамасы туралы анығын айтсақ, топтан әрең шықты. Исландиямен тең ойнап, хорваттардан ойсырай ұтылды. Соңғы шешуші ойында Нигерияны ұтып, екінші жолдаманы иеленді.
1/8 финал - Месси үшін де бір мүмкіндік. Осы әлем чемпионатында жолы болмаса, әлемдегі ең танымал футболшы ұлттық құрамамен кезекті рет қош айтыспақ. Одан кейін оралуы екіталай. Сондықтан команда көшбасшысы белсенетін сәт те жетті.
Букмекерлік орталықтар аз да болса Франция құрамасын фаворит санауда. Ал өзара өткен 4 ойында да аргентиналықтар жеңіске жеткен.
Ойын Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan және QazSport арналары көрсетеді.
Уругвай - Португалия
Әлем чемпионатының топтық кезеңінде қақпаларына бірде-бір гол соқтырмаған құрама - Уругвай. Египет пен Сауд Арабиясы құрамаларын 1:0 есебімен ұтып, Ресейді 3:0 есебімен сүріндірді. Еуропаның ең танымал клубтарында ойнайтын футболшылары бар құрама осал емес. Бір айтары бары анық.
"А" тобында бірінші орын алған Уругвайға "В" тобында екінші орын алған Португалия құрамасы қарсылас атанды. Топтық кезең Роналду бастаған жігіттер үшін оңай болған жоқ. Алдымен Испаниямен ойнады. 3:3 есебімен тең тарқасты. Екінші ойында Марокконы 1:0 есебімен ұтты. Соңғы ойында Иранмен тең түсті (1:1).
Қос құрама өз тарихында екі рет кездескен. 1966 жылы өткен ойында португалдар 3:0 есебімен жеңіске жетсе, 1972 жылы 1:1 есебімен тең ойнаған.
Ойын Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan және QazSport арналары көрсетеді.
Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.
Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.
Болжамдар бәйгесіне бүгіннен бастап та қатыса берсеңіздер болады. Қатысыңыздар! Жеңімпаз атаныңыздар!
О. Сансызбай