- Негізгі бет
- ӘЧ 2018
- Массагет бәйгесі. Бүгін...
Массагет бәйгесі. Бүгін 1/8 финалдағы ойындар аяқталады
Дүбірлі доп додасының ширек финалына шығатын соңғы екі құрама бүгін белгілі болады. Сонымен 1/8 финалдағы ойындар аяқталады. Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады. Бүгін ойнайтын құрамалар жайлы аз-кем ақпарат ұсынамыз.
Швеция - Швейцария
Швеция құрамасы "F" тобында ойламаған жерден көш бастап шықты. Соңғы турда Мексиканы 3:0 есебімен ұтып, осындай мүмкіндікке ие болды. Ал Германияға қарсы ойында соңғы минутта қақпаларына гол соқтырып алып, сан соқты.
Шведтер 1/8 финалдағы - жұмбақ командалардың бірі саналып отыр. Жанкүйерлер күтпеген тосынсый жасауы мүмкін-ақ. Ал Швейцария ше?
Швейцария да жүйелі ойынымен көзге түсті. Топтағы алғашқы ойында Бразилиямен тең түсті, Сербияны ұтты. Соңғы ойында Коста-Рика құрамасымен 2:2 есебімен ұпай бөлісті. Топта 5 ұпаймен екінші орын алды.
Швеция мен Швейцария өзара 28 кездесу өткізген. 10 ойында шведтер жеңіске жетсе, 11 ойында швейцариялықтар басым болған. 7 кездесу тең аяқталыпты.
Бүгінгі ойынға Швейцария құрамасы сапында Штефан Лихтштайнер мен Фабиан Шер қатыспайды. Олар сары қағаз саны бойынша жазаланған. Ал шведтер сапынан жарақатына байланысты Себастьян Ларссон алаңға шықпайды.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Швеция: Ольсен – Люстиг, Линделеф, Гранквист, Аугустинссон – Форсберг, Экдаль, Свенссон, Классон – Тойвонен, Берг.
Швейцария: Зоммер – Ланг, Джуру, Аканджи, Родригес – Бехрами, Джака – Шакири, Джемаили, Эмболо – Гавранович.
Ойын Астана уақытымен кешкі сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде QazSport арнасы көрсетеді. Кездесуге словениялық төреші Дамир Скомина қазылық жасайды.
Колумбия - Англия
1/8 финалдағы ойындар Колумбия мен Англия құрамалары арасындағы кездесумен аяқталады. Одан кейін ширек финалдағы кездесулер 2 күннен кейін басталады.
Колумбия құрамасы алғашқы ойында Жапониядан ұтылғанмен, кейінгі екі ойында Польша мен Сенегал құрамаларын ұтып топта бірінші орын алды. Ал ағылшындар керісінше алғашқы екі ойында Тунис пен Панаманы ұтып, соңғы кездесуде Бельгиядан ұтылды.
Колумбия құрамасы сапында Хамес Родригес пен Абель Агилар жарақатына байланысты ойынға қатыса алмауы мүмкін. Оңтүстік Америкадан келген ұжым топта ағылшындар секілді азулы қарсыласпен ойнаған жоқ. Бүгін Пекерман шәкірттерінің сыналар сәті келді.
Англия құрамасы сапында топтық кезеңде 5 гол соққан Харри Кейн бар. Шабуылшы әлем чемпионатында үздік сұрмергендер көшін бастап тұр.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Колумбия: Оспина - Мохика, Санчес, Мина, Ариас - Урибе, Санчес - Муриель, Кинтеро, Куадрадо - Фалькао
Англия: Пикфорд - Магуайер, Стоунз, Уолкер - Хендерсон - Янг, Алли, Лингард, Триппьер - Стерлинг, Кейн
Мәскеуде өтетін ойын Астана уақытымен сағат түнгі 00:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan және QazSport арналары көрсетеді. Кездесуде америкалық төреші Марк Гейгер қазылық жасайды.
Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.
Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.
О. Сансызбай