- Негізгі бет
- ӘЧ 2018
- Массагет бәйгесі. 1/8...
Массагет бәйгесі. 1/8 финалдағы ойындар жалғасады
Бүгін футболдан Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалына шыққан екі құрама белгілі болады. Осы ойындармен қатар Massaget.kz сайты Huawei компаниясы демеушілігімен ұйымдастырған болжамдар бәйгесі де жалғасады. Бүгін ойнайтын құрамалар жайлы аз-кем ақпарат ұсынамыз.
Испания – Ресей
Өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шыққан ресейліктер бүгін жанкүйерлерін жерге қаратқысы келмейді. Дегенмен В тобында бірінші орын алған қызыл фурияның қарқыны жоғары.
Испания мен Ресей осы уақытқа дейін өзара 10 ойын өткізген. Испандықтар бірде-бір рет жеңілмеген. Соңғы ойындарында қос құрама 3:3 есебімен тең ойнапты.
Ресей құрамасы тарихындағы зор жетістіктің бірі – 2008 жылғы Еуропа чемпионаты. Сол жарыста бұл құрама жартылай финалға дейін жетті. Тек осы кезеңде испандықтармен жолы түйісіп, 3:0 есебімен ұтылған болатын.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Испания: Давид Де Хеа - Даниэль Карвахаль, Херард Пике, Серхио Рамос, Хорди Альба - Серхио Бускетс, Тьяго Алькантара, Андрес Иньеста - Давид Сильва, Диего Коста, Иско
Ресей: Игорь Акинфеев - Марио Фернандес, Илья Кутепов, Сергей Игнашевич, Юрий Жирков - Роман Зобнин, Юрий Газинский - Александр Самедов, Александр Головин, Денис Черышев - Артем Дзюба
Мәскеуде өтетін ойын Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan және QazSport арналары көрсетеді. Ойынға нидерланд төрешісі Буерн Куйперс қазылық жасайды.
Хорватия – Дания
Еуропалық ұжымдардың ширек финалға таласы тартысты болмақ. Хорваттар өлім тобы саналған D тобынан аман шықты. Алдымен Нигерияны, екінші ойында Аргентинаны ойсырата ұтты. Үшінші кездесуде Исландияны ұтып, еліне қайтарды.
Шақпақ жейделі құрама Ресейдегі әлем чемпионатына зор дайындықпен келгенін байқатты. 1998 жылғы жетістіктерін қайталағысы келеді. Әлем чемпионы атағынан да үмітті.
Дания құрамасы С тобында 5 ұпаймен екінші орын алды. Аустралия және Франция құрамаларымен тең ойнап, Перуді 1:0 есебімен ұтты. Бар болғаны 2 гол соғып, 1 гол қақпаларына соқтырды.
Букмекерлік орталықтар хорваттарды фаворит санауда. Ал Скандинавия түбегінен келген құрама ширек финалға шықса, кішігірім тосынсый болмақ.
Ойын Нижний Новгородта өтеді. Хорватия дәл осы алаңда Аргентинаны 3:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын.
Ойынға негізгі құрамда шығуы мүмкін футболшылар:
Хорватия: Субашич; Врсалько, Ловрен, Вида, Стринич; Ракитич, Бадель; Ребич, Moдрич, Перишич;Манджукич.
Дания: Шмейхель; Стрюгер-Ларсен, Кристенсен, Кьяер, Дальсгор; Шёне, Делани; Систо, Эриксен, Поульсен; Йоргенсен.
Хорватия – Дания кездесуі Астана уақытымен түнгі сағат 00:00-де басталады. Тікелей эфирде Qazaqstan және QazSport арналары көрсетеді. Ойынға аргентиналық төреші Нестор Питана қазылық жасайды.
Айта кетейік, осыған дейін порталымыз болжамдар бәйгесін (ережесімен осы сілтемеге өтіп таныса аласыз) жариялаған болатын. Болжамдарды төмендегі "пікір білдіру" алаңына қалдырасыздар. Бүгінгі ойындарға болжам жасау ойындардың басталуына 5 минут қалғанда тоқтатылады (Егер мүмкін болса төрт ойынға бірден болжам жасағандарыңыз абзал болар еді). Одан кеш жарияланған болжамдар есепке алынбайды. Сондай-ақ бір болжам жасағаннан кейін аты-жөндеріңізді ауыстыруға, өзге қаріпке өзгертуге болмайтынын ескертеміз.
Биылғы Mассагет бәйгесінің бас демеушісі – Huawei. Бірінші орын алған жеңімпаз Р20 Lite смартфонына ие болады.
Н. Үсенова