- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Эко-ойлау және 10...
Эко-ойлау және 10 кеңес
Жасыл өмір салты – өзіңді қинау емес, керісінше, өмір салтын жақсы жағына өзгерту. Экологияға қамқор бола отырып, үнемдеуге және сау болуға болады.
Біздің ғаламшар экологиялық дағдарысқа ұшырап жатқанын екінің бірі біледі. Адамдар лас ауа, сапасыз су, лас жол, денсаулықтың нашарлауы, сапасыз азық-түлік, ормандардың кесілуі, энергия тарифінің жоғарылауына шағым білдіріп жатады. Егер адамдар ғаламшар жағдайының нашарлауына селқос қарай берсе, соңы жақсылыққа әкелмейді.
Ойыңызды өзгертетін 8 факт
1. Жердегі орташа температура жоғарылап келеді: мұздар еруде, дауыл күші көбеюде, ауа райының заңдылығын болжау қиынырақ, гүлдер ерте бүршік атып, құстар үйлеріне қайтпауы мүмкін.
2. Күніне өсімдіктің 10 түрі жоғалып жатыр.
3. Электр қуатын қолдану 1970 жылмен салыстырғанда 70%-ға өскен.
4. Шамамен 40% ауыл шаруашылығына сай жерлер азайып келеді.
5. 1950 жылдың басынан бастап 50% әлемдік тропикалық ормандар жоғалған.
6. Әлемдік балық шаруашылығының 75%-ы жылдам тоқтатылуын немесе азаюын қажет етеді. Әйтпесе, болашақта балаларымыз балық жемеуі мүмкін.
7. Дамыған мемлекеттерде әр адам күніне өз салмағынан 5-10 рет үлкен қоқыс шығарады.
8. Қазір 40 жыл бұрынғыға қарағанда 70%-ға көп су қолданылады.
Бұл айтылған мәселелерді тек экологтар мен өндірушілер шеше алады деп ойласаңыз қателесесіз. Бірінің билігі жетпесе, келесісі пайда көрмей, қозғалмауы мүмкін. Бұл жерде бірдеңе өзгерте алатын – тек сіз. 40 жыл теңіз өмірін зерттеген атақты Жак Ив Кусто су әлемінің биоалуантүрлілігін қатты уайымдайды. Ол туралы түсірілген деректі фильм соңында мынадай сөздері бар керемет ән орындалады: "Біреу не істей алады? Жақсы көреді. Біреу не істей алады? Бау-бақша егеді. Біреу не істей алады? Әлемді өзгертеді". Әрине, бір адам – аздау, бірақ үлгі болып, айналаңыздағыларға "экологиялық" өмір сүру идеясы туралы айтып жүрсеңіз, басқалары да қосылады. Сіз, Біз және Олар – әлемді жақсы жағына өзгерте аламыз.
Кеңестер:
1. Дана қолданушы болыңыз. Затты тек қажет кезінде сатып алыңыз. Бірдеңе сатып аларда шынымен керектігін ойланып, кенеттен сауда жасамауға тырысыңыз. Дүкенге нақты тізіммен шығыңыз. Бірнеше арзан зат алғаннан бір сапалысын алған жөн. Ысырапшыл болмаңыз.
2. Қоқыс сатып алмаңыз. Артық қаптамасы жоқ тауар алуға тырысыңыз. Әдемі, бірақ қажет жоқ қорап немесе пакеттің не керегі бар?
3. Бір реттік пластикалық пакеттерден бас тартыңыз. Пластик табиғатта табиғи жолмен ыдырамайды. Жылына қоқысқа тойған 100 мың жануар құрып жатыр. Сондықтан өзіңізбен бірге көп рет қолданылатын сөмке ұстап жүріңіз.
4. Бір рет қолдануға жоқ деңіз. Бір рет қолданылатын өнімдерден бас тартыңыз. Оған бір рет қолданылатын ыдыстар, қағаз майлықтар, қырынуға арналған білдек, қалам және т.б жатады. Аз қоқыс – аз мәселе.
5. Қоқысты сұрыптау. Егер үйіңіздің қасында қоқысқа арналған контейнерде "пластик-әйнек-металл-қағаз" деп бөлініп, тұрса, соны міндетті түрде орындаңыз.
6. Суды үнемдеу. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, 2050 жылға қарай тұщы су қоры бітеді. Тісіңізді жуып жатқанда, кранды жауып қойыңыз. Егер солай істесеңіз, 1 литрге жетер-жетпес су кетеді. Ал кран ашық болса, минутына 6 литр су кетеді. Душта аз уақыт болыңыз, судың қысымын азайтыңыз, су ағып тұрған кранды уақытында жөндеңіз.
7. Энергияны үнемдеңіз. Бөлмеден шығарда жарықты сөндіріп жүруді әдетке айналдырыңыз. Энергия үнемдегіш шамдар қолданыңыз. Олар 12 рет артық қызмет етеді және 80% аз энергия қолданады. Қолданылмай тұрған техниканы тоқтан суырып қойыңыз.
8. Ағаш отырғызыңыз.
9. Ойлап тапқыш болыңыз. Затты лақтыруға асықпаңыз. Ескі затқа жаңа өмір сыйлаңыз.
10. Табиғатты сүйіңіз. Табиғатты қорғауға сіздің де күшіңіз жететіндігіне сеніңіз.
А. Жапатова