- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Әр елдің ұлттық...
Әр елдің ұлттық киімі – 2
Ұлттық киімдер туралы жазбамызды жалғастырамыз. Өткен жолы Еуропа, Америка халықтарының киімдерімен таныс болсақ, бүгін туысқан халықтардың, таяу шетелдердің ұлттық киімдері әңгімемізге арқау болады.
Әзірбайжан. Олардың ұлттық киімдері халықтың тарихымен, рухани және материалдық мәдениетімен тығыз байланысты. Әсіресе, Ұлы Жібек жолының іздері қатты байқалады. ХХ ғасырдан бастап ұлттық киімдерді тек ауыл адамдары киеді және ұлттық билер осы киімдермен орындалады. Ер адамдардың киімдері: уст кейнейи (жейде), габа және чуха (екеуі де иыққа жабылады), кюрк (қой терісінен жасалған тон). Папах, яғни, бас киім әрбір ер азаматтың абыройы саналады, оны жоғалтып алу намыстан жұрдай болумен пара-пар. Джораб аталатын шұлық та кез келген аяқ киімнің ішінен киіледі. Әйелдердің үстіңгі киімі чадру, бетті жабатыны рубенд деп аталады. Көбіне ашық түсті маталардан тігіледі. Бір аймақтарда қысқа етекті көйлекпен дамбал киілсе, келесісінде тек ұзын көйлектер киіледі. Бастарына барқыттан тігілген әртүрлі пішіндегі тақияларды киіп, астына орамал тағады. Кейбір киімдерде чутгу деген шаш салатын жасырын қалталары болады.
Татарстан. Татарлардың үстіңгі киімі түймесіз бірыңғай келеді, белдің тұсы ғана аздап бөлініп тұрады. Жейденің сыртынан жеңсіз қамзол киіледі. Әйелдердің қамзолдарын ашық түсті барқыттан тігіп, жиектері әртүрлі өрнектермен безендіреді. Ер адамдар қамзолдың сыртынан жилэн деп аталатын шәлі жағалы халат киеді. Ал суық күндері бешмет, чикмен аталатын сырт киімдер дұрыс саналады. Бас киімдері төбетей, кэлэпуш, кряшен, бөрек деп аталады. Бұлар пішіндері арқылы ажыратылады. Әйелдердің бас киімі калфак маржан тастан, алтын жалатылған немесе күміс тиындармен сәнделеді.
Түркия. Түріктердің киімдері салмақты түсімен, ешбір тоқымамен, желбіршекпен сәнделмейтіндігімен ерекшеленеді. Оларда ашық-шашық киіну деген ұғым жоқ және биік өкшелі аяқ киімдер өте аз киіледі. Сонымен түріктердің негізгі киімдері: қолпылдақ келетін дамбал (шельвар деп аталады), жейде (гёмлек), құрылымы өте күрделі белдемше (ючетек), желетке (йелек), белдік (кушак), бас киім (колав). Кең келетін шалбар мен жейдені әйелдер де, ерлер де кие береді. Олар қара түсті материалдан тігіледі, яғни, бұл жұмыс істеуге өте ыңғайлы. Әйелдердің ұзын көйлектері энта-ри деп аталады. Бұл киім башпайдан бастап, барлық жерді жауып тұрады. Кейде оның сыртынан инчик деген түймесіз желетке киіледі. Бас киім ретінде орамал немесе үшкіл орамал тағады. Бірімен шашын жапса, екіншісімен иекті жабады екен.
Ауғанстан. Еркектерді әйелдерге ұқсас ететін "чадар" деген жамылғы шаруа адамына да, қатардағы көшпендіге де, қала кедейіне де міндетті. Бұл жай ғана төсеме көлеміндегі мақта-матадан жасалған киім. Оның әмбебаптылығы соншалықты ауғанстандықтар оны ешқашан тастамайды. Бұл киім – күнделікті тұрмысқа қажетті көптеген істерді атқару үшін таптырмас көмекші. Олар ұзын көйлектің ішінен толқын-толқын болып келетін изар атты дамбал киеді. Бұл дамбалдар тым ұзын болатындықтан, бел тұсында бірнеше рет бүктеледі. Ұлттық аяқ киімі – чаплий. Бұл арты бекітілмейтін былғары сүйретпелерге ұқсас келеді. Көйлектің немесе жейденің сыртынан міндетті түрде желетке киіледі (васкат аталады).
Иран. Ирандықтардың киімдері 16 мың жылдан бері әртүрлі өзгеріске ұшыраған. Киімдерге қарап отырып, әйелдердің қабат-қабат киім кигенін байқауға болады. Олардың негізгі киімдері: дамбал, жейде, шекпен, шапан және бірнеше түрлі бас киім. Алғашқыда ирандардың шапандары тобыққа дейін жететін болса, қазір бірте-бірте қысқарған. Ер адамдар ақ жейдеше мен қара дамбал (ауыл адамдары көк дамбал) және оның сыртынан каба деп аталатын жеңсіз кәстөм киген. Ерте кездерде бай адамдары сердари, яғни, сүртік (еркектердің ұзын етекті киімі) киюді әдетке айналдырған. Ал дамбалдары тобыққа дейін жететін ұзын келеді. Аяқ киімдері өріліп, ал кейде сығымдалған шүберектер тігіледі. Ирандықтар қой терісінен жасалған тондарымен де мақтана алады. Бастарына кулах (қалпақ), аракчин (қалпақша) киіп, оның сыртынан тюрбанмен (сәлде) орап алады.
Қырғызстан. Қырғыздардың киімдері көшпелі өмірге, атпен жүруге бейімделген. Өте ұзын әрі кең келеді, белдері былғары белдікпен буылады. Көбіне киізден, былғарыдан, жануарлардың терісінен тігілетін болған.
Әйелдердің ұлттық киімдері: койнок (көйлек), белдемчи (кең ашылатын белдемше), элечек (бас киім), шокуло (қалпақ), тақия, ичиг немесе маас (жұмсақ былғарыдан жасалған аяқ киім).
Ерлердің ұлттық киімдері: замши-чалбар (былғары дамбал), оның қандагай, жарғақ шым деген түрлері бар, кементай (киізден жасалған шекпен), тоң, бас киімдері – тебетей, қалпақ, малақай.
Өзбекстан. Ерлердің ұлттық киімдерінің негізін сырып тігілген шапан құрайды. Ол міндетті түрде орамалмен байланады. Өзбектер той-думанға, ұятты жерлерге ең әдемі деген орамалдарын байлап, барқыттан, атластан (көбіне қызылы түсті) тігілген, моншақтармен, алтын, күміс тастармен безендірілген киімдерді киіп барады. Ұлттық киімдері тақия, үстеріне куйлак делінетін жейде, аяқарына иштон (шалбар) киеді. Аяқ киімдері өте жұқа былғарыдан тігіледі.
Қазақстан. Қазақтың ұлттық киімдерінде оның этникалық тарихы мен экономикалық, әлеуметтік және табиғи ортаның ерекшеліктерінен туындайтын көне дәстүрлері сақталған. Қазақтың ұлттық киімдерін жас пен жыныс ерекшелігіне қарай: сәби, бала кездегі киімдер, жігіт, қыз боз бала дәуірінің киімдері, орта жас, сар кідір кезеңдегі киімдері деген сияқты түрлерге жіктеуге болады. Қазақ киімдері мұнан басқа іштік, сырттық, сулық, бір киер делініп төрт топқа бөлінеді. Іштік киімдерге — көйлек, дамбал, желетке, қамзол, кәзекей, сырттық киімдерге — шапан, күпі, тон, шидем, сулық киімдерге — шекпен, қаптал шапан, брезент, кебенек, кенеп, сырттық жатады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиын-топтарға барғанда, жат елге сапар шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған. Қазақтың «таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейтін мәтелі де осыны аңғартады. Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдерінің ең жақсы көрнектісін киетін.
Қазақ халқының ұлттық киімі туралы толық ақпараттарды төмендегі мақалалардан біле аласыздар:
Қазақтың қыз-келіншектері қалай киінген?
Ұлттық киімдерге байланысты салт-дәстүрлер мен ырымдар
Қазақтың ұлттық киімдерінде береке бар
Қазақтың ұлттық аспаптары мен ұлттық киімдері
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Суреттер: turan.info, kk.wikipedia.org, fotki.yandex.ru,
persitskaiaskaska.blogspot.com,
kojemyakin.livejournal.com, iqmena.livejournal.com