- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Әр елдің ұлттық...
Әр елдің ұлттық киімі
Әртүрлі елдің өзіне тән ұлттық киімдері туралы тақырып кім-кімге болсын қызық деп ойлаймыз. Себебі, ұлттық кәстөмдер арқылы ұлт туралы, олардың тарихы, ерекшеліктері туралы көп нәрсе білуге болады. Және әрбір халық осындай киімдерін бірнеше ғасыр бойы өзгертпестен сақтап келеді, олардың қоғамда алатын орны да ерекше. Наурыз мерекесі қарсаңында біршама елдің ұлттық киімдерін жинақтап көрдік. Тізім төмендегідей:
Жапония. ХІХ ғасырдан бері бұл елдің ұлттық киімі кимоно болып келеді. Сонымен қатар, гейшалардың да жұмыс киімі болып кеткен. Құрылымы жағынан, кимоно иық пен белді ғана бөліп көрсетіп тұрады да, дененің басқа тұстарын байқатпайды. Осындай киімдегі қыздың қасында әрбір жапондық жігіт өзін самурай сезіне алады.
Қытай. Қытай ұлттық киімі дегенде ең алдымен ханьфумен танысқан жөн. Себебі, қытайлықтар ұзақ уақыт бойы Хань әулетінің киімдерін киіп жүрген, осыдан ханьфу деген атау шықты. Бұдан басқа, ұлттық киімнің астынан ципао аталатын ұзын көйлек киіледі. Қытай монархиясының дәурені аяқталғанда ципао әйелдердің күнделікті тұрмысқа киетін киіміне айналып кетті.
Үндістан. Бұл елдің ұлттық киімі адамның қай аймақта тұратындығына байланысты. Олардың сари аталатын дәстүрлі киімдерінің мыңдаған жылдық тарихы бар. Тіпті, қазіргі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді. Жібектен жасалған киімді киген үнді қыздары әлем жігіттерінің көз құртына айналуда.
Ресей. Орыс әйелдерінің киімдері жейдеден (кейде бірнеше), сарафаннан, понядан (жүннен тоқылған белдемше), аяқ киімнен, белдіктен, басқа тағатын бұйымнан және әшекейлерден тұрады. Бойдақ және тұрмыс құрған қыздардың бас киімдерінің айырмашылығы бар. Бұлар ХІІІ ғасырда фин-угор халықтарынан енген екен. Тұрғындар XVII ғасырға дейін былғары етіктер мен кебістерді кисе, кейіннен қонышы қысқа туфлилерге ауысты.
Сауд Арабиясы. Араб түбегінің кейбір аймақтарында әйелдер абая киеді. Абая – үстіге киетін ұлттық киім. Оның құрамында жұқа әрі жұмсақ матадан жасалатын жамылғы-плащ (кейде біз білетін той көйлектеріне ұқсайды) бар. Олар көзге түспес үшін көбіне қара түсті абая киеді.
Египет. Ежелгі Египетте бүрмеленген, жапсырмаланған киімдер киілген. Олар мүлде жыртылмайтын. Онан бері қаншама ғасыр өтті, киімдер де өзгерді. Бірақ киімдерінің материалы мен тігісі әлі күнге дейін сапалылығымен ерекшеленеді.
Бразилия. Бұлардың саусақпен санарлық аймақтарында ғана ұлттық киімдер сақталған. Әйелдер астына крахмалданған белдемшелер, үстіне ашық-шашық келетін саиа киеді. Вата деген бос тұратын кофта да бар. Ерлердікіне ұқсайтын аяқ киімдері таманко болса, чинелас деген сүйретпелері тағы бар. Әдемі шаш үлгілерін жасап, тюрбан киеді, мойындары мен білектеріне тастардан, құс қанаттарынан жасалған әшекей бұйымдар тағады.
Испания. ХІХ ғасырдың соңына дейін Испанияның барлық қаласында осы ұлттық киім киілетін. Киімдердің бірнеше нұсқасы болғандықтан, нақты бір киімді айту мүмкін емес. Оларды ажырату үшін көп ізденіс қажет. Киім негізін XVIII-XIX ғасырлардан алады.
Индонезия. Бали аралдарын мекен ететін индонезиялықтардың ерекше биін әйтеуір бір жерден көзіңіз шалған болар. Олардың көбі әлі күнге дейін ұлттық көйлектерін киеді және оны өз елінің негізгі нышаны санайды. Ұлттық киімдері ұзын етекті саронг аталатын матадан, кебайя деген жеңі ұзын келетін блузкадан, жіңішке белдік стагеннен тұрады.
АҚШ. Солтүстік Америка құрлығының ең алғашқы тұрғындарының ұрпағы өздерінің салт-дәстүрлерін қадір тұтады. Ұлттық киімдері бисермен, құс қанатымен безендіріледі.
Англия. Англия салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа бай болғанымен, нақты ұлттық киімдері жоқ. Алайда, үлгі ретінде моррис биін билеушілердің кәстөмдері айтылады.
Германия. Неміс әйелдері мен ерлерінің ұлттық киімі тархтен деп аталады, ал тек әйелдерге тән киім дирндль екен. Трахтен атауы романтизм дәуірінде пайда болған. Германияда дәл осы кезеңде ұлттық дәстүр, яғни, адамдардың өмірі, әні, тағамы, мерекесі, киімі туралы айтыла бастады.
Франция. Францияның ұлттық киімі ұзын белдемшеден, жеңді кофтадан, корсаждан (іш тартқыш), алжапқыштан, чепецтен (тақия тәрізді бас киім), шляпадан тұрады. Ал ерлер дамбал, гетры (балтырға киетін жылы қоныш), жейде, күртеше, қамзол, мойын орамалын, шляпа киеді.
Жалғасы бар...
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: spletnik.ru, telegraf.com.ua