- Негізгі бет
- Әлем алақанда
- Әдемі лента: Әлем...
Әдемі лента: Әлем мұражайларының Instagram-парақшалары
Әлемдегі барлық мұражай мен экспонаттарды көріп шығу үшін бір ғұмыр да жетпейді. Бірақ біз технология заманында өмір сүріп жатырмыз, үйден шықпай-ақ әлемдегі ең ірі мұражайларды Instagram арқылы тамашалай аламыз. Назарыңызға түрлі әлемдік мұражайлардың Instagram-парақшаларын ұсынамыз.
Британ мұражайы
Британ мұражайы – Ұлыбританиядағы басты мұражай. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған айрықша экспонаттар қойылған. Мұражайда мысырлық экспонаттардың ең үлкен коллекциясы бар. Мұражайдың Instagram-парақшасы түрлі экспонат пен тарихи оқиғалар жайлы деректер ұсынып, мұражай ішіндегінің барлығын жариялап отырады.
Прадо мұражайы
Мадрид қаласындағы Прадо мұражайында түрлі суретшілер мектебінің суреттері мен мүсіндерінің үлкен коллекциясы бар. Мұражайда Гойя, Дюрер, Рубен, Ботичелли, Рафаэль сияқты даңқты суретшілердің туындыларын тамашалауға болады. Мұражай Instagram-да өте белсенді. Мысалы ең соңғы әлемдік 10 year challenge-ге қатысып, тарихи тұлғалардың балалық шақтағы, жас кезіндегі және қартайған шағындағы портреттерін жариялады.
Эрмитаж мұражайы
Эрмитаждың бүкіл территориясын жаяу аралап шығу үшін 20 км қашықтықты жүріп өтіп, 350 залға кіріп-шығу керек екен. 1764 жылы қазіргі Санкт-Петербург қаласында салынған бұл мұражайда әлемдік көркемөнердің даму тарихын (тас дәуірінен бүгінгі күнге дейін) көруге болады. Мұражайдың Instagram-парақшасы оқырмандарын таңдаулы экспонаттармен таныстырып, мұражайдағы іс-шараларды, мұражай сәулетінің суреттерін жариялап отырады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Лувр мұражайы
"Парижге келіп тұрып Луврға кірмей кету – турист үшін қылмыс" деген сөз бар. Бұлай бекер айтылмаса керек, өйткені Луврда әлемге әйгілі туындылардан құралған орасан зор коллекция жиналған. Мұражайда Леонардо да Винчидің "Мона Лизасы", Антонио Канованың "Амур және Психеясы", Микеланджелоның "Құлдары" және өзге де 300 мыңнан аса экспонат бар. Ал мұражайдың Instagram-парақшасы Луврдың бүкіл эстетикасын, рухын көрету үшін сан қилы суреттер жариялап тұрады.
Әбілхан Қастеев атындағы мұражай
Қазақстандық мұражайлар да желіде белсенді. Солардың бірі – Ә.Қастеев атындағы мұражай. Алматыдағы ең ірі көркемөнер мұражайы 1965 жылы ашылып, әлі күнге дейін қазақ суретшілерінің, Еуропа, Азия шеберлерінің туындыларын сақтап келеді. Мұражайда жалпы саны 25 000 экспонат бар. Instagram-парақшасында мұражай экспонаттарға шолу жасап, іс-шараларды хабарлап, мұражай тарихымен таныстырып отырады.