Жеті жасар балақай көлікті қозғай алады

Жеті жасар балақай көлікті қозғай алады

Бала күнімізде әжелеріміз айтып беретін кейіпкерлеріміз мына өмірде бар секілді. «Ер Төстік» ертегісіндегі тауды көтеріп, ары-бері лақтыратын Толағай естеріңізде ме? Дәл сондай 7 жастағы Толағай Аньхой елді мекенінде ауыр заттарды көтеріп, тонна салмағы бар көліктерді орнынан қозғап жүр.

Қытай елінің Чучжоу қаласындағы мектептердің бірінде оқитын Янг Джинлонг кез келген ауыр затты көтере алуының арқасында бүкіл елге танылды. 7 жастағы бала көліктерді еркін қозғалта алады.


Кішкентай күнінде ауыр сөмкелерді тасып жүрген анасына жанталасып көмектеседі екен. Барлығы да осыдан басталған болуы керек. Уақыт өте келе тасыған жүктерінің салмақтарын арттырып, әкесімен тең дәрежеде жұмыс істеген. Қап толған астықтарды таситын әкесіне де көмектеседі.


- Бір күні балам қасыма келіп, мені көтеру үшін рұқсат сұрады. Менің салмағым болса, 90 келі. Бірден бас тарттым. Сөзімді тыңдамай, балам мені көтере жөнелді. Мені жеп-жеңіл қауырсындай көтеріп алған балама қайран қалдым, - дейді әкесі.

Осылайша қайран қалған әкесі баланы жаттықтыруға кіріскен. Үздіксіз жаттығулардың арқасында Джинлонг 7 жасында өздігінен алып көлікті қозғайтын күшке ие болды.

- Мен баламмен мақтанамын. Балам салмағы 2 тонна болатын көлікті орнынан қозғалтты, - дейді анасы. Көпшілік оның бұл қабілетін 7 жасында 50 келі салмаққа ие болуымен байланыстырады. Алайда ата-анасының айтуынша, бұл салмақ балалары үшін ешқандай да артық емес.


- Ұлым күнделікті тұрмыста ағзасына қажетті ғана калорийді тұтынады. Өз құрбы-құрдастарынан ерте жетіліп келе жатқандықтан, оған әлдеқайда көбірек тамақ жеу керек, - дейді анасы.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: puzkarapuz.ru

Қ. Бүйенбай