- Негізгі бет
- Ақберен
- Жылқы – малдың...
Жылқы – малдың патшасы
Жылқыны қазақ халқы ежелден қастерлеген. Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны өте ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Жарынан кейінгі жақсы көретін жан серігі, қасиеті қанына сіңген жануар. Қазақ баласы жылқы түлігін төресіндей көретіні сондай, қазақ жылқы мінезді деп, өзінің мінез-құлық, бітім-болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден бір нышаны саналады. Назарларыңызға жылқы жануарына қатысты айтылған мақал-мәтелдер легін ұсынамыз.
Ат бейбіт күнде – көлік,
Қиын күнде – серік
Жақсы атқа бір қамшы, жаман атқа мың қамшы
Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас,
Жаман адамға мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас
Ат айналып қазығын табар,
Су айналып жазығын табар.
Жомарт жоқтығын білдірмейді,
Жүйрік ат тоқтығын білдірмейді.
Жаман ерден жайдағым жақсы,
Жаман қатыннан бойдағым жақсы.
Жақсы ат алдынан сүрінбейді, артынан сүрінеді.
Тай атқа жеткізер,
Ат мұратқа жеткізер.
Теңге тиыннан өсер,
Жылқы құлыннан өсер.
Аты жоқтың аяғы жоқ.
Жақсы көрген досыңды ат байлатып сына.
Ат сұраған қорлық емес,
Ер-тоқым сұраған қорлық.
Ат аяғынан,
Ер тамағынан бұзылады.
Болар бала бесікте бұлқынар,
Болар құлын желіде жұлқынар.
Ақылсыз бас аяққа тыным бермейді,
Ақымақ айғыр саяққа тыным бермейді.
Ақылды ердің ішінде –
Алтын ерлі ат жатар;
Ақылды әйелдің ішінде –
Алтын бесікті ұл жатар.
Арық атқа қамшы жау,
Жыртық үйге тамшы жау.
Ер қанаты – ат
Жылқының бүгелек аздырар,
Ешкіні кемелек аздырар.
Ат биеден,
Аруана түйеден.
Жылқылы елде жау көп,
Жатақ елде дау көп.
Аттан тай озады,
Атадан бала озады.
Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар
Тұлпардың өз тұяғы өзіне ем
Шабан ат – өршіл, жаман адам – төршіл
Ат болатын құлынның, бауыры жазық келер,
Адам болар баланың, маңдайы жазық келер
Ақылды кісінің белгісі –
Аз сөйлеп, көп тыңдайды.
Арғымақтың белгісі –
Аз оттап, көп жусайды.
Ақымақ білмес атының арығанын,
Көсе білмес жасының қарығанын.
Асыққан аттыдан асықпаған жаяу озады.
Асың барда ел таны беріп жүріп,
Атың барда жер таны желіп жүріп.
Ат сүрінбей жер танымас.
Ат төбелі ай болмас.
Ат шабады, ер шаттанады.
Жабағыны тай деп қорлама,
Жазға шықса ат болар.
Екі бие – ел асы,
Үш бие – бұлақ басы,
Бір бие – жоқтың қасы.
Жүйріктен жүйрік шықса,
Аяғы тыпыр-тыпыр етер.
Аттан айырылсаң да,
Ер-тоқымнан айырылма.