Еліне ұран болған Райымбек батыр

Қазақ халық болып қалыптасқанға дейiн тайпалық ру-ру болып көшпендiлiкпен өмiр сүргенi белгiлi. Атамыз - Алаш, керегiмiз - ағаш , рулы ел - ұялы терек, аттың жалы, түйенiң қомында намысын жауға бермеген, найзасын кекке қайраған, ел үшiн еңiреп туған батыр мен ел көсемiн тәрбиелеген елмiз. Соның бiрi көрiпкел әулие Бәйдiбек баба. Баба әулетiнен ел басқарған көсем, сөз бастаған шешен, қаһарман батыр көп шыққаны тарихтан белгiлi. Соның бiрi - Райымбек батыр.

Албан тайпасының Алжан руынан Сырымбет, Шағыр, Аламан, Қиғылық туады. Осылардың iшiнде Сырымбет көрнектi шығып, Ұлы жүз үйсiн елiне белгiлi адам болады. «Сырымбеттiң жылқысы Сыр бойында суға түскенде су тоқтапты» деген ел аузында нақыл бар. Осы кезде қабiрi Сыр бойында Желек деген жерде Сырымбет әулие деген атпен белгiлi.
Сырымбеттен Әлi, Көшек, Малқар, Барақ, Қойгелдi тарайды. Сырымбеттiң бәйбiшесi - Әжi төренiң қызы Пернеш. Екiншi әйелi Барақ сұлтанның қызы - Күнбибi. Қангелдi батырдың нағашысы Барақ сұлтанның анасы - Күнбибi (Керiмбибi).

Қазақ деген халықтың жер бетiнен мүлде жойылып кетпеуi үшiн аман алып қалудың жалғыз жолы орысқа бодан болу деп шешкен хандар мен билердiң шешiмiн iске асыру үшiн император Анна Ивановнаға қол тапсыруға елшi болып Қанкелдi батыр бастаған билер барады. (1730-1740) Қазақ совет энциклопедиясы №9-том, 426-бет және 11-том 374- бет. Онда Қанкелдiнiң қазақ пен Қытай арасындағы шегараны белгiлеуде дипломатиялық жұмыс атқағаны айтылады.

Қанкелдiнiң Тiлеуке, Түке, Төңке, Мөңке, Тұрсын, Айбас, Қайбас, Мендеке, Емеген (Әлмеш), Жуң атты көптеген ұлдары болған. Қанкелдiден тараған ұрпақтардың көбi шетiнен батыр, шешен және бай адамдар болыпты.

Бастаған ақтылы қой көсем серке
Байлықпен аты шыққан Тұрсын, Мөңке
Қалмаққа қарсы келiп қан құстырған,
Баласы Қанкелдiнiң ер Тiлеуке.
Ат баптап, құс салатын өнерi бар
Қайыстай жiгiт екен қара Түке.

Қанкелдi батыр өз балаларының келешегiн болжау үшiн аязды күннiң бiрiнде төрт ұлын - Тiлеуке, Түке, Мөңке, Төңкенi далаға төсек салдырып жатқызады. Олардың жатқан жатысын байқаған әкесi Түкенiң кiндiгiнен жоғары көрпесiн жауып алып бөксесiнен төмен ашық жатысын көрiп, ашуланып, тұқымын жаймай тұрғанда шауып тастайын деп қылышын қынабынан суыра бергенде Түкенiң анасы арашашы болып: «Батыр, ажалға сабыр, шауып тастауға үлгересiз, бұл балаңа тектi жерден қыз әперсең қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен тудырам» деп тұр», - деп сабырға шақырады.

Жалайыр елiне жау тиiптi деген хабар албан тайпасына жетедi. Қарт бурадай қаһарына мiнген Қанкелдi батыр жасағын соңынан ертiп құба қалмаққа қарсы аттанады. Шапқыншылық жасаған жаудың бетiн қайтарып, қалмақ қолбасшысының басын алып, рулы ел жалайырды басқыншы жаудан құтқарады. Бұл кезде Орақты батыр жырақта жүрген кезi екен, елiне жау тигенiн естiп оралса, албан Қанкелдi ел тыныштығын алған құба қалмақтың басын алғанын, ел iшiне қалыпты тыныштық орнағанын көредi. Қанкелдi батырдың ерлiгiне риза болған Орақты батыр сый-сияпат жасап, аттанарында бұйымтай сұрайды. Сонда Қанкелдi батыр: «Арамызды жекжаттық жалғастырса деп едiм, қисаң қызың Қарашашқа үкi тақсам қалай?», - дейдi. Екi жақ келiсiмге келiп құдаласады.
Қанкелдi батыр күтпеген жерден жалайыр Орақты батырмен құда болып қызы Қарашаш сұлуды Түкеге алып бередi. Тектi әулеттiң қызы Түкеге қосылған соң Райымбек, Толмаш атты ұлдарды дүниеге келтiредi.
Абылай ханның қазақ қолбасыларын тағайындау үшiн батырды шақырып сынау кезiнде Райымбектi көрiп «сен қай тектенсiң?» деп сұрағанда Райымбектiң жауабы:

Арғы атамды сұрасаң,
Өтiрiк айтпас Өр Албан.
Өр Албанда Ер Алжан,
Алжанның аты дүр Мәмбет.
Мәмбеттен туған Сырымбет,
Сырымбеттен Қанкелдi.
Атам менiң Қанкелдi,
Уысында қан келдi.
Жерi үшiн жан бердi,
Елi үшiн қан бердi,
Жетi бiрдей ұл бердi,
Үлкенi батыр Тiлеуке,
Екiншiсi Ер Түке.
Ер Түкеден мен тудым,
Ер болуға бел будым, - деген екен.

aldiyar.kz