Биназар батыр

Биназар Ақеділұлы (1802-1860) — Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасының Шымыр руынан шыққан батыр. ХХ ғасырда қазақ жерінің оңтүстік аймағына Қоқан хандығы үстемдік жасап, алым-салықпен елге қатты қысым жасаған. Биназар батыр осы қоқаңдаған Қоқан хандығының жосықсыз іс-әрекетіне қайтпай қарсы шығып, олармен батыл күрескендердің бірі. Сонымен қатар елінің ертеңін ойлаған Биназар батыр соңына ерткен жұртты отырықшылық тұрмысқа бейімдеп, егін егуге жұмылдырған. Ол қаздырған тоғаннан аққан су кейінгі ұрпақтардың кәдесіне жақсы жарауда.

Биназар батыр өз тұсында Ағыбай батырмен және Бөлтірік шешенмен үзеңгілес дос, жолдас болған. Сонымен қатар жас кезінде атақты Сыпай батырдың ақ батасын алған. Бірде Биназар мен Бөлтірік шешен жолға шығады. Ойлары – ел тыныштығын байқау. Содан бір бұлақтың басына кеп ат шалдырады. Алаңсыз жатқан екеуін түнде аңдаусызда жеті жігіт байлап-матап алып, ал енді «өлең айтыңдар» деп мазақ етеді. Сонда Бөлтірік шешен: «Сендер жетеусіңдер, біз екеуміз, екі шалды байлап қойып, өлең айт дегендеріңе жол болсын. Несіне қорқасыңдар, қолды босатыңдар, өлеңді содан кейін айтайық», - дейді. «Шынында, неден қорқамыз»деп әлгілер бұлардың қолын босатады. Сол кезде Биназар батыр:

Астымдағы мінгенім тай төрі еді,
Екеуара өлеңді айтар едік.
Осылардың төртеуін мен ұстасам,
Ер Бөлтірік үшеуін қайтер еді? - деп төртеуін қапсыра бас салғанда, Бөлтірік батыр қалған үш жігітті тырп еткізбепті. Екі батыр енді олардың өздерін байлап тастайды. Бірақ артынан өздерінің аты-жөнін айтпастан босатып жібереді. Олар Ағыбай батырдың ауылынан екен. Болған жайды естіген Ағыбай: «Е, сендердің айтып тұрғандарын Биназар мен Бөлтірік болды ғой. Мұндай ерлік екеуінен басқа ешкімнің қолынан келе қоймайды», - деген екен.

Биназар батырдың бейіті Хантауы қыратының «Сұңқар» деген шоқтығында орналасқан. Ол бейіт Жамбыл облысының қасиетті жерінің бірі болып саналады. Себебі Биназар батыр әруақты, ел ерекше сыйлайтын, атын естігенде дұшпандарының өзң сескенетін кісі болыпты. Тіпті батыр бабаның басына барып түнеген әйелдердің перзент сүюі сияқты оқиғалар көп кездеседі. Батырдың тікелей кіндігінен тараған ұрпақтары қазір Хантау стансасында тұрады. Олардың қолында бабасының дулығасы да сақталған. Бүгінде Хантауға жақын орналасқан үлкен елді мекен Биназар ауылы деп аталады.