- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ұмытшақтықты емдеу ...
Ұмытшақтықты емдеу
Бұрын ұмытшақтық тек жасы үлкейген адамдарда ана болады деп саналатын. Ал қазір дәрігерлер ұмытшақтық жастарда, студенттер мен мектеп оқушыларында да барына таңғалмайды. Бұл жерде әңгіме оқу материалын есіне сақтауда емес, себебі оны жиі қызығушылықтың жоғынан есте сақтамайды. Жастар үлкен және қартайған адамдар секілді қарапайым заттарды да ұмытып қалады. Біреу таныс жерде адасып қалуы мүмкін, жақында болған оқиғаны, әңгімені ұмытып қалады және т.б. Әрине, мұндай жағдай жасы үлкейген адамдарда жиі болады, бірақ ұмытшақтық себебі көп жағдайда бірдей болып келеді.
«Ұмытшақ» емделушілер саны көбеюі батыс дәрігерлерін мазалап, оны зерттеуді қолға алып, жаңа «ауру» түрін тапты. Оны «қарбалас өмір синдромы» деп атады. Заманауи өмірдің адамдары кішкентай кезінен бастап жылдам өтіп жатқан көптеген оқиғалармен толтырылғандықтан, қалыпты есте сақтау мүмкін емес болып жүр. Бізге ақпараттың көп көлемі келеді: теледидарда бұрынғыдай бірнеше емес, жүздеген канал бар; жарнаманың көптігінен және қылмыстық жаңалықтардың себебінен радио агрессиялық әсер береді; мобильді телефонда үнемі отыру және т.б. Еңбекке қабілетті жастағы адамдар өмірін интернетсіз елестете алмайды. Осылай тәуелділік туады, барлық жұмыс сонымен байланысты болғандықтан, күресу қиын. Мұның барлығын ми көтере алмай, ақпаратқа деген жолды «бұғаттайды». Сондықтан, адамдардың көпішілігінде ұмытшақтық ауруға және психикалық ауытқуға жатпайды. Мамандардың айтуынша, дені сау адам қалыпты түрде миға келетін барлық ақпараттың минимум 1/10 бөлігін ұмытуға бейім, ал қазіргі кездегі қалыпты ақпарат туралы айтпай-ақ қойса да болады.
Ұмытшақтық себептері
Ұмытшақтық пайда болуының жиі кездесетін себебі – ол ұйқының қанбауы. Қазіргі кезде оқитындар да, жұмыс істейтіндер де уақытымен ұйықтамайды. Түнімен үйде отырып, жұмысын аяқтайды немесе түнде кино қарау, әлеуметтік желіде отырумен уақыт өткізеді. Оның үстіне энергетикалық сусындар, тіпті, кейбіреулер дәрі ішуді әдетке айналдырады. Егер мұндай жағдай созылып кетсе, миға демалыс болмай, зейін аудару нашарлап, ақпаратты жаттау төмендеп кетеді. Соның себебінен бәрін ұмытып жүресіз.
Ұмытшақтықтың тағы бір жиі кездесетін себебі – дұрыс емес су ішу тәртібі. Егер ағзаға су жетіспесе, бірінші кезекте ми қиналады. Ми жұмысы нашарлайды. Себебі адамдардың көпшілігі суды таза күйінде емес, оны шай, кофе, тәтті сусындар, газды сусындар күйінде ішкенді жөн көреді.
Ұмытшақтық күйзелістен де пайда болады. Күйзеліс кезінде миға үлкен жүк түседі, ал жүйке жүйесі дәрумендер мен минералдар жоғалтады.
Арықтауға арналған үйлестірілмеген диеталар ұмытшақтыққа әкеледі. Арықтататын диета ұстанатын әйелдер көбінесе майлар мен көмірсуларды бірден азайтады, ал ол өз кезегінде миға «шок» болады.
Темекі тарту мен алкоголь ішу миды улайды, ойлау процесін баяулатып, қабылдау жылдамдығын төмендетеді.
Альцгеймер ауруы
Ұмытшақтық түрлі аурулардың себебінен пайда болуы мүмкін, алайда Альцгеймер ауруына жеке тоқтаған жөн. Заманауи медицина емдеуге келмейтін деп санайтын бұл ауру жасы үлкейген адамдар мен қарттарда кездеседі, бірақ бастапқы белгілері 40 жастан кейін дамуы мүмкін. Мұндай ерте пайда болу жағдайы сирек кездеседі және тұқымқуалаушылықпен байланысты. Альцгеймер ауруының негізгі белгісі – еске түсірудің нашарлауы және оның одан әрі күшейе беруі. Бұл ауру туралы мамандар әлі күнге дейін нақты ештеңе айта алмай отыр. Нейрон функцияларының сөнуі ақпарат беруге жауапты нейротрансмиттерлер деген ерекше гормондар деңгейінің төмендеуінен туған. Бұл заттар біздің миымызда аминқышқылдар себебінен синтезделеді. Сәйкесінше, еске түсіру де, зейін де зат алмасуға және басқа да өмірлік маңызы бар процестерге, яғни өмір сүру салты мен тамақтануға байланысты.
Ұмытшақтықты емдеу
Егер зерттеу денсаулығыңыздан қауіпті проблема анықтамаса, уайымдамаңыз, мұндай ұмытшақтықты жеңуге болады.
Тәжірибе бойынша, жиі көңіл күйі нашар болатын адамдардың еске түсіруі жылдам әлсірейді екен. Сондықтан ең дұырысы – оптимист болу. Ми қан айналымын жақсартуға спорт көмектеседі. Дұрыс әрі үйлестірілген тамақтану – көптеген жағымсыздықтардан құтылудың, соның ішінде ұмытшақтықтан арылудың бір әдісі. Бұл жерде миға арналған тамақтану туралы еске түсіріңіз.
Ұмытшақтықтан арылуға есті жаттықтыру көмектеседі. Қандай да бір ақпаратты алып, оған тереңірек үңілуге тырысыңыз, сол кезде ол есте ізін қалдырады. Ақпаратты белгілі сөзбен байланыстыра отырып, кодтауға болады. Ұйықтар алдында күніңізді қалай өткізгеніңізді, әрекетіңізді, оқиғаларды, кездестірген адамдарды, барлық ұсақ-түйегіне дейін еске түсіріңіз. Уақыт өте мұндай жаттығу керемет нәтиже береді.
А. Жапатова