- Негізгі бет
- Денсаулық
- Күніне қанша жол...
Күніне қанша жол жүру керек?
Жаяу жүрген денсаулыққа аса пайдалы. Әсіресе жүрек бұлшықеттерінің қалыпты жұмыс жасауына жағдай жасайды. Ал сіз күніне қанша жол жүретініңізді есептеп көрдіңіз бе?
Адам күніне кем дегенде 3 шақырым жаяу жүруі керек. Күнделікті күйбең тіршілікпен қанша шақырым жол жүріп, қанша қимыл-қозғалыс жасағанымызды қаперге ала бермейміз. Десе де технология дамыған заманда қимыл-қозғалысымыз азайып бара жатқанын мойындауға тиіспіз. Кеңседе қызмет істейтіндер 3 шақырым жол жүрмек түгілі, бір-бірімен көп сөйлесе де бермейді. Мұның денсаулыққа тигізер зияны көп. Ендеше аурудың алдын алуға кіріскен дұрыс.
Егер көлігіңіз болса, аптасына бірнеше күн жұмысқа қоғамдық көлікпен не жаяу барыңыз. Бұл көп қимыл-қозғалыс жасауға септігін тигізіп қана қоймай, күніңіз іш пыстырарлық, бірсыдырғы өтпеуіне жағдай жасайды.
Жаяу жүру салмағыңызды бірқалыпты ұстауға да көмектеседі. Ол үшін жұмысыңызға барар жолда және қайтар жолда бір аялдама бұрын түсіп қалып, жаяу жүріңіз.
Көпқабатты үйде тұрсаңыз, лифт көмегіне көп жүгінбеген жөн. Себебі баспалдақпен түсіп-көтерілудің өзі – жаттығу. Жұмыста да орындықта ұзақ отыра бермей, жиі қимылдаңыз.
Тым құрығанда күніне 15-20 минутыңызды серуендеуге арнаңыз. Себебі, жаяу жүру – есте сақтау қабілетіңізді жақсартып, қанайналымыңызды реттейді. Күніне 1 шақырым жаяу жүру – 10 минут жүзуге, 16 минут аэробикамен айналысуға, 12 минут футбол ойнауға жұмсаған қуатпен тең.
Спорттың кейбір түрі адам денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Алайда жаяу жүрудің ешқандай да зияны жоқ. Қимыл-қозғалыс қашан да маңызды.
О. Сансызбай