Қатты күйгелектенгенде қолыңыздың дірілдейтінін байқаған боларсыз. Бірақ ол тек күйзелістен емес. Қол дірілі әртүрлі жағдайдың, аурудың және әдеттің белгісі болуы мүмкін.
Темекі тарту
Темекі тартатындардың көбі қолдарының дірілдейтінін байқайды. Себебі темекінің құрамындағы никотин ағзаға жағымсыз әсер етеді. Қан никотинді бүкіл ағзаға таратады. Сол үшін ол барлық органдарға, соның ішінде жүйке жүйесіне әсер етеді. Оның ортаңғы бөлігі қатты қозады, ал бұлшықеттер тонусына жауап беретін шеткісі қысым көреді. Нәтижесінде, осы теңгерімсіздік себебінен қол дірілдейді.
Дәрі ішу
Қол дірілін шақыратын немесе күшейтетін көптеген дәрілер бар. Бұл жағдай жиі демікпеден ішетін препараттарды, антидепрессанттарды қабылдау кезінде пайда болады. Егер жаңа дәрі ішкеннен кейін қол дірілдеп бастағанын байқасаңыз, міндетті түрде дәрігерге жазылып, ол дәрінің баламасын беруін немесе жағымсыз жағдайдан арылуға көмектесетін емдік әдіс ұсынуын сұраңыз.
Шаршау
Шаршағаннан да қол дірілдеуі мүмкін. Қатты шаршауыңызға ұйқының жетіспеуі немесе ауыр физикалық жұмыс себепші болуы мүмкін. Кейде тапсырмаларды, міндеттерді шешуден шаршағаннан да қол дірілдейді.
Паркинсон ауруы
Бұл ауру кезінде пайда болатын қол дірілі «тыныштық дірілі» деп аталады. Қол қозғалмай, заттарды ұстай алмайтын кезде пайда болады. Паркинсон ауруы кезінде қол дірілі айқын ырғақты сипатқа ие. Ол бірдей жиілікпен және күшпен болады. Паркинсон ауруына қол дірілінен бөлек басқа да белгілер тән: беттің тартуы, нашар дене күйі, сөйлеу проблемасы.
Қандағы қанттың төмен деңгейі
Қандағы қанттың азаюы (гипогликемия) — қандағы глюкоза шоғыры жеткіліксіз болған кездегі жағдай. Бұл кезде қант деңгейі түседі, бас айналады, қарын ашады және қол дірілдейді. Гипогликемия ұзақ ашығудан, сусызданудан және шамадан тыс физикалық жүктемеден пайда болады. Оған диабетпен қиналатын адамдар жиі шалдығады. Олар үшін гипогликемия өте қауіпті.
Қалқанша без қызметінің күшеюі (гипертиреоз)
Гипертиреоз — қалқанша без өте көп гормондар бөлген кезде пайда болады. Сол үшін адамдар жағымсыз белгілер сезеді: қол дірілдейді, ұйқы проблемасына тап болады және бірден салмақ жоғалтады. Гипертиреоз ерлерге қарағанда әйелдерде жиі кездеседі. Оның емін уақытында бастау маңызды. Әйтпесе, ол жүрек-қан тамырлар жүйесі проблемасының, мысалы, инфаркт себебіне айналуы мүмкін.
В12 дәруменінің жетіспеушілігі
Жүйке жүйесі саулығын сақтау үшін ағазаға В12 дәрумені қажет. Оның жетіспеушілігі түрлі жағдайларға байланысты пайда болады: микроэлементтің сіңуіне кедергі келтіретін дұрыс емес вегетариандық тамақтану, нақты дәрілер қабылдау, ішектер жұмысының бұзылуы кезінде туындауы мүмкін.
В12 дәрумені жетіспесе, жүйке жүйесі жұмысы бұзылады, ал ол қол діріліне әкеледі. Сонымен бірге қол ұйып қалуы және шаншуы мүмкін.
Алкоголь ішу немесе одан бас тарту
Бір қызығы, алкоголь ішу де, одан бас тарту да қолдың дірілдеуіне әкелуі мүмкін. Бірінші жағдайда ол қатты ынталандырудан, содан соң жүйке жүйесіне қысым түскендіктен пайда болады. Сондай-ақ ол адам жеткілікті жиі ішетін болса, жалпы ағзаның улануынан да болады.
Ал алкогольден бас тартқан кезде, әсіресе, ол күнделікті әдеті болса, қол дірілі соңғы ішкеннен кейін орташа есеппен 10 сағаттан соң пайда болады. Ол бірнеше аптаға созылып, бас ауырып, қалтырауы мүмкін.
Феохромоцитома
Бұл термин сирек кездесетін, әдетте, бүйрек үсті безінің қатерсіз ісігін білдіреді. Бірақ оның ағзаға тигізетін негізгі зиянына қан қысымының артуы жатады. Ол қолды дірілдетеді, ентіктіреді, қатты терлетеді және желке тұсының ауыруын шақыруы мүмкін. Феохромоцитома инсульт қаупін арттырады. Ісікті хирургиялық жолмен алып тастайды.
Шеткі жүйкелік дерттер (Периферическая нейропатия)
Бұл ақпаратты бас миы мен жұлынға, сондай-ақ басқа дене бөліктеріне жіберетін жүйкелердің зақымдаулынан немесе ауыруынан пайда болатын жағдай. Шеткі жүйкелік дерттердің бірнеше түрі бар. Оған білек каналы синдромы, диабет кезіндегі жүйке зақымдалуы және басқа да жағдайлар жатады. Шеткі жүйкелік дерттермен байланысты барлық аурулар қол дірілімен бірге жүреді.