Әртүрлі сұрыпты алхорылардың кептірілген түрін жалпылай "қара өрік" деп атауға дағдыланып кеткенбіз. Оның құрамында көптеген пайдалы заттар бар: А, С, В дәрумендері, никотин қышқылы, фосфор, темір, натрий, магний, кальций, калий, жасұнықтар және пектиндер. Қара өрік – жүкті әйелдерге арналған өте пайдалы өнім. Оны қалай қолдануға болады?
1. Қара өрік қосылған шай
Бұл шай күйзелістен жылдам арылуға немесе көңіл күй түскенде оны жылдам көтеруге көмектеседі. Жүктілік кезінде әйел әр нәрсені көңіліне алғыш болып келеді. Бірақ оның көңілсіз немесе ренжулі күйде болуы іштегі нәрестеге де тікелей әсер етеді. Сондықтан өзіңізді мұндай жағдайдан тез шығару үшін қара өрік қосылған шай ішіңіз. Оны дайындау үшін 5-7 қара өрікті ұсақтап турап, оған ыстық қара шай құйып, 15 минутқа қалдырыңыз.
2. Қара өрік тұнбасы
Жүкті әйелдерді жиі мазалайтын мәселенің бірі – іш қату. Жүктілік кезінде дәрі-дәрмек ішуге немесе ауыр құралдарды қолдануға болмайтынын білеміз. Мұндай кезде дәрігерлер қара өрік тұнбасын ішуге кеңес береді. Қараөріктен тұнба дайындамас бұрын оны жақсылап жуып алуды ұмытпаңыз. Таңертең 15 қараөрікке 1 стақан қайнаған су құйып, оны күні бойына қалдырыңыз. Ал ұйықтар алдында тұнбасын ішіп, ішіндегі жидектерді жеп алыңыз. Бұл тұнбаны ұйықтар алдында дайындасаңыз, оны таңертең ішіп алыңыз.
3. Қара өрік қосылған дәруменді қоспа
Жүктілік кезінде іштегі нәрестеге дәрумен қажетті мөлшерде жетуі маңызды. Оның үстіне болашақ ана барынша анемия болмауға тырысуы керек. Дәрумендерді дәрілік препараттардан гөрі тамақтан алған дұрыс екенін білеміз. Сондықтан үйден дәруменді қоспа дайындаған жөн. Ол үшін табиғи балға қара өрік, грек жаңғағы және кептірілген өрікті ұсақтап турап саласыз. Бұл қоспаны күніне 3 рет 1 шай қасықтан жеу жеткілікті.
4. Қара өрік кәмпиті
Жүктілік кезінде артық салмақ қосу қалыпты жағдай. Бірақ дәрігерлер жүкті әйелге қанты көп тәттілер мен ұн өнімдерін жемеуге кеңес береді. Тәттілерсіз өмірін елестете алмайтын әйелдерге пайдалы кәмпит жасап жеуге болады. Негізі қара өріктің құрамында да қант көп, бірақ сүтті шоколадқа қарағанда аз. Пайдалы кәмпиттерді дайындау жолын мына жерден оқи аласыз.
Қарсы көрсетілім: Егер жүкті әйелдің қанында және зәрінде қант деңгейі жоғары болса, оған қара өрік жеуге тыйым салынады.