- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жүрек жұмысын жақсартатын...
Жүрек жұмысын жақсартатын жаттығулар
Бүгінде жүрек қан-тамырлары ауруына шалдыққан жандардың саны артпаса, кемімей тұр. Бұл дерт көпшілігінде семіздіктен не болмаса көп қимылдамағаннан туындайды екен. Ал, мамандардың айтуынша жүрек ауруынан түрлі жаттығуларды жасау арқылы айығуға болады екен. Ендеше аурудан айығу жолынан бөлек, алдын алу шараларымен таныса отырыңыздар.
Жүгіру. Бұл ең керемет кардио-жаттығулардың бірі деуге болады. Сонымен қатар жүгіру тек жүрек жұмысын ғана жақсартып қоймай, адамның ойлау қабілетін де арттырады. Тек жүгіргісі келетін адамға спорттық киім мен соған сай аяқ киім болса болғаны. Нәтижесінде жүрегіңіздің жұмысы жақсарып, өзіңізді жеңіл сезінесіз.
Велосипед тебу. Бұл жаттығу да мықты шынығуға жол ашатын спорт түрі және физикалық тұрғыда пайдасы көп. Мұның рахатын велосипед тебетіндер ғана жақсы сезіне алады. Алайда велосипедті мүмкіндігінше таза ауада, кең жерде айдаған дұрыс. Ал, қыс мезгілі мен жаңбырлы уақыттарда жаттығу залына барған дұрыс. Себебі, бұл спорт түрінде ережені қатаң ұстаған жөн. Арасын үзіп қайта жалғап жүре беруге болмайды. Ал, жүрек бұлшықетін шынықтыру үшін велосипедті кедір-бұдыр жерлер мен өрге қарай айдаған пайдалы.
Суда жүзу. Жүрек жұмысын жақсартқыңыз келсе, онда бүгіннен бастап жүзуді қолға алғаныңыз жөн. Бассейнге түссеңіз де, өзен-көлдің суына шомылсаңыз да екеуінің де әсері бірдей. Алайда жүрекке ең пайдалы жүзу түрі – бақаша аяқ қолды судан шығармай жүзу. Басқа жүзу түрлері де айтарлықтай нәтиже береді, дегенмен аяғыңызбен көбірек жұмыс істеп, бақаша жүзгенге жетпейді.
Би билеу. Бұл жаттығуды үйде жасауға да болады. Алайда би залдарына жазылып, тәжірибелі маманнан үйреніп, онымен бірге қосылып билегеннің әсері мен нәтижесі бөлек. Би залына баруға уақытыңыз тапшы болса, үйде музыка ырғағымен билеуге болады.
Жүру. Жай баяу жүру арқылы да жүрек жұмысын жақсартуыңыз мүмкін. Ол үшін кез келген уақытта серуенге шығып немесе аулада жүруге болады. Алайда жүріп келе жатып қолды да қимылсыз қалдырмай, ары-бері қимылдатып, әрдайым қозғалтып отыру тиіс. Сонда ғана бұл жаттығудың жүрекке әсері болады. Сонымен қатар мұндай жүріс арқылы адамның көңіл-күйі көтеріліп, ас қорытуы да жақсара түседі.
Доп ойнау. Бұл жерде, әрине, доптың артынан жүгіріп, теуіп ойнамайсыз. Арнайы спорттық киіміңізді киіп, спорт залға барып өз-өзіңізбен баскетбол ойнап көріңіз немесе қасыңызға серік ертіп алыңыз. Допты қабырғаға соғып жаттығу жасағанның пайдасы зор болмақ.
Бокспен шұғылдану. Бокс жүректі шынықтыруға таптырмайтын спорт түрі. Себебі, жаттығу кезінде жүрек бұлшықеттері жұмыс істеп, соның әсерінен шыныға түседі. Сонымен қатар артық салмақтан арылудың жақсы жолы деуге болады. Ал, бүгінде қуанышымызға орай, бұл спорт түріне әуес жандардың қатары көбейіп келеді.
Йогамен айналысу. Бұл жаттығу түріне арнайы киімнің де, аяқ киімнің де қажеті жоқ. Үйде отырып-ақ жаттығуды жасай бересіз. Йоганың ішіндегі көптеген жаттығулар жүректің тез-тез соғып, көбірек жұмыс істеуіне әкеліп соқтырады.
Н. Үсенова