Адамның иммун жүйесі күзге және қысқа таяу біршама әлсірейтіні белгілі. Бұл уақытта инфекция да көбейеді. Аяқ асты ауырып қалуымыз мүмкін. Ал вирус не бактерия жұқтырмаудың, жұқтырса да, емделудің бірден-бір жолы – бұл иммун жүйесін күшейту.
Ендеше ғалымдар айтып жүрген иммун жүйесін күшейтудің 4 ғылыми әдісін атамақпыз.
Спортпен айналысу. Нақтырақ айтсақ физикалық жаттығу мен қимыл-қозғалысқа көп мән беру керек. АҚШ-тың Хьюстон университетінің зерттеушілері анықтағандай, спорт пен қимыл-қозғалыс – сау иммун жүйесін сақтаудың ең оптималды жолдарының бірі.
"Адам жас болса да, қартайып қалса да, спортпен айналысқаны дұрыс. Тіпті қарт кезінде спортпен айналысқанның өзінде иммун жүйесін көтеріп алуға болады. Спорт адамды күйелістен арылуына, дұрыс ұйықтауына, қабынуды азайтуына көмектеседі", - дейді мамандар.
Бірақ бір айта кетерлігі, спортпен қатты "шұғылданып кетуге" де болмайды. Яғни, қатты қинаудың қажеті жоқ. Ондайда керісінше иммун жүйесі әлсіреп кетеді.
Ұйқыны қандыру. Адам ұйықтаған сәтте ағзаның өзін-өзі қалпына келтіру процесі іске қосылып, ми улы заттардан арылады. Германияның Тюбинген университетінің ғалымдары иммун жүйесін жақсарту үшін ұйқының өте маңызды екенін айтады. Ұйқы қанғанда ғана ми толық демалады. Ал толық демалған мидың жүйке жүйесі орнығып, иммун жүйесімен жақсы байланыс орнайды.
Ашытылған тағам жеу. Ғылымда пробиотикалық, яғни, ашытылған тағамдардың иммун жүйесін жақсартатыны дәлелденген. Ондай тағамдарға ашытылған қияр, ашытылған орамжапырақ, ашытылған сүт пен айран, йогурт, кимчи сынды тағамдар жатады. Бұл тағамдар адамның ішектегі жақсы бактерияларды көбейтіп, жаман бактерияларды азайтады. Мұны Жаңа Зеландияның Отаго университетінің мамандары анықтаған.
С, D дәрумені мен мырышты толықтыру. Ағзаға күзде С, D дәрумені аса қажет. С дәрумені лимон, апельсин, алма мен бұрышта көп болады.
Ал D дәрумені иммун жүйесінің жаңа жасушаларды өндіруіне, ал мырыш сол өндірілген жасушалардың жұмыс істеуіне көмектеседі.
Көбіміз білмейміз. Ішек пен иммунитет қалай байланысып жатыр?