Көбіміз білмейміз. Ішек пен иммунитет қалай байланысып жатыр?

Көбіміз білмейміз. Ішек пен иммунитет қалай байланысып жатыр?
Фото: fb.ru

Адам ағзасында ең ірі орган – бұл ішек. 9 метрге дейін созылып жатыр. Ішінде 3 келідей бактерия мен пайдалы және пайдасыз микрофлоралар бар. Көбіміз бүкіл көңіл-күйі мен иммунитеті, ауруға төтеп беру қасиеті әрі мидың жұмыс істеуі дәл осы ішекке тікелей байланысты екенін білмейміз.

Ғалымдар тіпті "ішекті – адамның екінші миы" дейді. Өйткені ішектің жұмысы қалай болса, мидың да жұмысы дәл сондай болмақ. Иммунитеті мықты адамның ойлау қабілеті де мықты болады деседі.

Қазір ішектің микробиотасын – адамның жаңа бір органы деп атап жүр. Адамның денсаулығы, ғұмыр ұзақтығы мен сапалы өмір сүруі дәл осы ішектегі микрофлораға байланысты.

Микрофлора дегеніміз – ішектегі бактериялар. Жаманы да, жақсысы да бар. Жақсы бактериялар тағамды қорыту мен сіңдіруге, дәрумендерді өндіруге қатысады. Иммунитетті жақсартады, аурумен, патологиялық кірме вирустармен күреседі. Жақсы бактериялардың әрбірінің өз миссиясы бар, жоғарыда айтылғандай.

Ал микрофлора тікелей адамның ішкен тағамына байланысты. Егер зиянды тағам ішсе, жаман бактериялар көбейеді. Содан адамның ас сіңуі мен иммунитеті төмендеп кетеді. Ал жақсы микрофлораға жасұнығы (клетчатка) мол тағамдар ұнайды. Көкөніс, жеміс-жидек пен асқа арналған жасыл шөптер, дәнді дақылдар.

Микрофлораға зиянын тигізетін бірден-бір нәрсе – ішімдік. Адам ішімдік көп ішкен сайын, іштегі бактериялар соған үйреніп алады да, спирттің өзін өндіріп шығара береді. Сөйтіп ағзаны улайды. Тағы бір қызығы спиртке үйреніп алған бактерия адамның миын қоздырып, ішімдік сұрата беретін көрінеді. Адамның алқаш не ішімдікке тәуелді болып қалатыны да содан екен.

Қ. Слямбек