- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ғалымдар ұзақ өмір...
Ғалымдар ұзақ өмір сүрудің құпиясын ашты
Ғалымдар ұзақ өмір сүрудің сыры альтруизмде (басқаның қамын ойлау) екенін анықтады. Бізді қоршаған ортадағы адамдарға, жақындарымызға қамқорлық жасауда және мүдделерін қорғауда осы қасиет әрдайым жетекшілік етеді.
Соңғы кезде ғылыми басылымдар айналамыздағы адамдарға көмек қолын созудың өзі де денсаулыққа зор әсер ететіні жайлы көп жазып жүр. Біздің өзгелерге жақсылық жасағанымыз – өзімізге жақсылық жасағанымыз. Және де мұндай ерекше байланыс жасымыз ұлғайып, оның ағзамызға ықпалын сезе бастағанда айқын білінеді екен.
Альтруизм әртүрлі формада көрінуі мүмкін. Мысалы әр күнгі қамқорлықтан бастап, Тереза Ананың жанкешті іс-әрекетіне дейінгінің бәрі. Көптеген адамдар өз айналысындағыларға қомқорлық жасау арқылы өздерінің денсаулықтарының едәуір жақсарғанын байқап, бұрынғы мазаларын алып жүрген сырқаттардың азайғанын, өзін-өзі бағалау сезімінің ұлғайғанын, күш-қуатының артқанын, жанының тынышталғанын сезген. Мұның бәрі жас шамасына қарай байқала бастаған екен.
Ал адамның жақсы істер жасау ниетін қалай арттыруға болады?
Ең алдымен, сіз жақсылықты және қамқорлықты кімге жасағыңыз келетінін анықтап алыңыз. Бұған науқастанып қалған туысыңыздың халін сұрау, ауланы немесе көшені тазалау жұмыстары бойынша бастама сынды кез келген істі жатқызуға болады.
Сізге міндетті түрде жетім балаларға, мүгедектерге немесе қарттарға арнауға болатын белгілі бір уақыт бекіту қажет. Көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасау – жақсылықтың ең жоғары деңгейі, сәйкесінше жақсылық жасаушы одан үлкен қуаныш сезінбек.
Сіздің балаларыңыз немесе немерелеріңіз оқитын мектептің мұғалімдерімен сөйлесіп, қандай көмек қажет екенін сұрап біліңіз. Басқа да ата-аналармен бірге сіз өз балаңыздың ғана емес, өзге де балалардың тәрбиесі мен оқуының жақсаруына септігіңізді тигізе аласыз. Балалар үйі, ауруханалар, қарттар үйіне де солай істеуге болады.
Үлкен әлеуметтік міндеттерді алға қойып, қоғамдық жұмыстармен айналысатын топтардың біріне мүше болыңыз. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, мақсат қоя білу әлеуметтік жауапкершілік пен өзін-өзі бағалау сезімін арттырып, денсаулықты жақсартып, сондай-ақ ұзақ өмір сүруге кепілдік болады.
Алмаз Шарман, медицина ғылымының профессоры
А. Оралқызы