Терапевт неліктен "БАД"-ты дәрігер кеңесінсіз ішуге болмайтынын айтты

Биологиялық белсенді қоспалар - бұрыннан дәрігерлер мен балама медицина қолдаушылары арасында пікірталас туғызатын тақырып. Биологиялық белсенді қоспалар деген не және оларды өздігінен ішуге бола ма? Бұл сұраққа ШЖҚ "Отбасылық медицина орталығының" жалпы тәжірибелік дәрігері Сейтмағұлова Ақбота жауап берді.

Биологиялық белсенді қоспалар бірнеше заттың қосындысынан тұрады. Олар зат алмасу процестерін оңтайландыруға, жүйелердің қызметтік жағдайларын жақсартуға және асқазан-ішек жолы микрофлорасын реттеуге бағытталған.  

ББҚ-ның дәрілерден айырмашылығы - терапиялық әсерінің дәлелденбеуі. ББҚ-ның тиімділігі жайлы нақты айту қиын, себебі олардың көпшілігі клиникалық зерттеулер сериясынан өтпейді. Нәтижесінде, нарықта дәлелденбеген тиімділігі бар препараттар көбейеді.

ББҚ дәрілік препараттарға жатпайды, сондықтан оларды қолдануға клиникалық ұсыныстар жоқ. Алайда егер науқастан қандай да бір нақты дәруменнің немесе микроэлементтің жетіспеуі анықталса, дәрігер ББҚ жазып беруі мүмкін.

"Егер біз анализден қандай да бір элементтің жетіспейтінін көрсек, ББҚ жазып беруіміз мүмкін. Бірақ біз, әдетте, бір компоненті бар ББҚ ішуді ұсынамыз. Мысалы, егер анализден Д дәруменінің жетіспейтіні көрінсе, жалпы ағзаға пайдалы микроэлементтер жиынтығын емес, нақты осы дәруменді жазып береміз", - деді дәрігер.

Дәрігердің айтуынша, көпшілік адам әр элементке анализді жеке-жеке тапсыра бермейді. Сондықтан олар ағзасында не жеткілікті, не жеткіліксіз екенін білмейді. Соған қарамастан құрамында көптеген микроэлементтері бар қоспаларды сатып алып ішеді. 

"Адамдар арасында препараттың құрамында дәрумендер мен микроэлементтер қаншалықты көп болса, соншалықты жақсы деген қате пікір қалыптасқан. Алайда олай емес. Сондай-ақ ББҚ ішіп жүрмін деп, рацион жайлы ұмытуға болмайды. ББҚ негізгі тамаққа қосымша қоспа ғана екенін ұмытпайық. Сондықтан дәрумендер мен минералдарға бай тағамдар жеуді әдетке айналдырыңыз", - деп кеңес берді дәрігер.

Сондай-ақ дәрігер ББҚ – дәрі болмаса да, қауіпсіз препараттар емес екенін айтты.

"Мысалы, ағзада қандай да бір дәруменнің немесе минералдың көп болуы бауыр және бүйрекке күш түсіруі мүмкін", - деп ескертті Ақбота Сейтмағұлова.

ББҚ-ны кімдерге ішуге болмайды?

ББҚ-ны қосымшаның әсер ететін затына аллергиясы бар адамдарға, жүкті және бала емізетін әйелдерге, қатерлі ісігі бар адамдарға ішу тыйым салынады.