Үсік шалған балаға қалай көмектесу керек?

Үсік шалған балаға қалай көмектесу керек?
Фото: ru.freepik.com

Үсу - кең тараған қысқы зақымдардың бірі. Балаға не болғанын қалай жылдам анықтауға болады және қандай алғашқы көмек көрсету керек?

Үсу - төмен температуралар әсерінен тіндердің зақымдалуы. Бірақ егер далада жел соғып тұрса және ауа ылғалдығы жоғары болса, балаларда ол нөлдік температура кезінде де болуы мүмкін. Сондай-ақ, ауа райы бірден өзгерсе және ауа температурасы аяқасты төмендесе, үсік шалу қаупі жоғарылай түседі.

Мұндай кезде ең алдымен дененің ашық бөліктеріне зақым келеді: бет, мұрын, құлақ, қол білегі. Бірақ аяқ киімнен де табан тоңып қалады. Егер бала ауа райына сай киінбесе, киімі аязға арналмаған болса және тар аяқ киім кисе, оны үсік шалуы мүмкін. Сонымен қатар, үсік шалуға ұзақ уақыт қозғалмау, аяқ-қолдың ауыруы, жалпы әлсіздік (инфекциялық және буын аурулары, аштық, физикалық дамудың жетіспеушілігі, зақымдар және т.б) ықпал етеді.

Баланы үсік шалғанын қалай білуге болады?

Үсудің алғашқы белгілері:

- Терінің бозаруы;
- Терінің салқындауы;
- Тері сезімталдығының төмендеуі.

Үсу процесі балаларда ересектерге қарағанда жылдам жүреді. Ол олардың тері қабаты құрылымының және олардың қанмен қамтамасыз ету ерекшелігімен байланысты.  

Серуен кезінде беттің ашық тұрған жерлерінің қызаруы - суық әсеріне тері қантамырларының табиғи реакциясы. Ата-аналарды терінің аяқасты бозаруы ойландыруы керек. Сондай-ақ бала шаншу, күю немесе сезімталдықтың жоғалуына шағымдануы мүмкін.

Үсік шалу алғашқы сағаттарда зақымдалған жердің аумағы мен тереңдігін анықтау мүмкін еместігімен қауіпті.

Үсік шалудың деңгейлері:

1-деңгей: тері қабатының жайлап ауыруы, ал жылынудан соң қызару және баяу ісіну. 5-7 күннен кейін тері көріністері толықтай кетеді.

2-деңгей: 24-48 сағатта күлдіреуіктер пайда болады, қатты ауырады және қызады. Тері жағдайы 7-14 күннен кейін толықтай қалпына келеді.

3-деңгей: Тері сезімталдығы жоғалады, ауыртатын күлдіреуіктер қаптап кетеді. Нәтижесінде теріде тыртық қалады.

4-деңгей: Терінің және астындағы тіндердің толық некрозы. Зақымдалған жер көгеріп кетеді және бірден іседі. Тері сезімталдығы қалпына келмейді.

Үйде тек 1-деңгейдегі үсікті ғана емдеуге болады.

Алғашқы көмек:

- Баланы жылдам жылы жерге апару;
- Жедел жәрдем шақыру (себебі үсікке шалудың алғашқы сағаттарында оның деңгейін анықтау мүмкін емес);
- Зақымдалған тері бөлігін бірден қыздыруға болмайды! Тек жайлап қолмен немесе жұмсақ жүн матамен мүұқият уқалауға болады;
- Балаға жылы шай немесе су беріп, үстіне көрпе жабу;
- Зақымдалған жерді белгілеп қою.

Үсік шалғанда не істеуге болмайды?

- Үсіген дене бөліктерін қармен, қатты матамен, спиртпен, маймен уқаламаңыз;
- Үсіген жерді ыстық сумен, жылытқышпен бірден қыздырмаңыз;
- Күлдіреуіктерді өздігіңізбен жармаңыз.

А. Жапатова