"Ақша түсе ме?". Алақан неге қышиды?

"Алақан қышаса, ақша түседі" деген сенім бар. Егер алақаныңыз бір рет қышып, кейін ол ұмытылып кетсе, мүмкін, солай да шығар. Бірақ егер алақаныңыз ұзақтан бері және қайта-қайта қышыса, дәрігерге көрсеткен жөн.

Аллергия

Аллергия жинақтаушы сипатқа ие және ол кез келген жаста пайда болуы мүмкін. Егер қолыңыз қышыса, ұстаған затыңыз аллергия берген болуы мүмкін: жүн, шаң-тозаң, химиялық құралдар, шашқа арналған бояу. Сондай-ақ, аллергия беретін бірдеңе жеп қойған болуыңыз мүмкін. Жаңа крем жақтыңыз немесе жаңа дәрі іштіңіз. Тітіркендіргішпен әсерлескеннен кейін тері бірнеше сағаттан кейін қышып бастауы мүмкін екенін ескеріңіз.

Тері құрғақтығы

Көпшілік қол терісін ылғалдандырып тұруды ұмытып кетеді. Әсіресе, қазір суық мерзімде бөлме ішіндегі ылғалдылық түседі және тері өз ылғалын жоғалтады. Теріңізге сай келмейтін сабын немесе кір жуғыш ұнтақпен байланыс жайлы да ұмытпаңыз. Бұл жағдайда көбірек су ішуге тырысыңыз және бөлмедегі ылғалдылық деңгейін бақылаңыз.

Негізгі аурулар

Гипотиреоз кезінде және қандағы жоғары қант мөлшері (диабет, гипергликемия) кезінде қол қышуы мүмкін. Сондай-ақ теміреткі, қотыр, есекжем және бауыр аурулары кезінде алақан қышуы мүмкін. Бұл тізімде саңырауқұлақ аурулары, мысалы, рубромикоз ерекше орын алады. Ол тырнақта, алақанда, табанда пайда болады және қышудан басталады. Таңғалуыңыз мүмкін, бірақ алақанның қышуы мойын остеохондрозынан да болады. Ал сол қол алақанының қышуы инсульттің бір белгісі болуы мүмкін.

Дерматит

Әдетте, бұл ауру кезінде алақан қышып қана қоймай, қызару, күлдіреу, дақтар пайда болуы мүмкін. Ол мына мамандық иелерінде жиі кездеседі: еден жуушы, аспазшы, шаштараз, механик, медициналық қызметкерлер.

Психоэмоционалды фактор

Күйзеліс фонында да қышыма пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ көпшілік уайымдағанда алақанының терлейтінін байқайды. Ол да жағымсыздық сыйлайды.

Білек каналы синдромы

Бұл компьютерде ұзақ отыратындарда жиі кездеседі. Бұл синдром кезінде білек ұйып қалады және алақан қышуы мүмкін.