Неліктен кей адамдар бор жегенді жақсы көреді?

Неліктен кей адамдар бор жегенді жақсы көреді?
Фото: klin-detstvo.ru

"Біртүрлі" тамақ жегісі келетін тек жүкті әйелдер емес. Мысалы, кей адамдар бор және топырақ жегенді жақсы көреді. Сондай-ақ соңғы кездері желіде бор және топырақты қытырлатып жеп отырғанын түсірген адамдардың видеолары көбейіп кетті. Неліктен кей адамдар бор жегісі келеді және оның денсаулыққа әсері қандай?

Бор — органикалық минерал. Оның негізгі компоненті — кальций карбонаты (шамамен 98%). Сондай-ақ, оның құрамында магний карбонаты, темір оксидтері және басқа да металдар бар.

Қатты бор жегіңіз келсе, оны арнайы дүкендерден алған жөн. Құрылыстық немесе мектептегі борды жеу ұсынылмайды: олардың құрамында зиянды компоненттер мен бояулар болуы мүмкін.

Қатты бор жегіңіз келсе, міндетті түрде оның себебін анықтау қажет. Дәрігерге қаралып, қажетті анализдерді тапсыру қажет. Адамның бор жегісі келуінің негізгі себептерін ұсынамыз:

1. Анемия (Ағзаға темір жетіспейді). Қатты бор жегіңіз келе берсе, гемоглабин деңгейін білу үшін қан анализін тапсырған жөн. Ағзаға темір жетіспесе, гемоглабин деңгейі төмендейді. Бұл кезде адамның терісі бозарып кетеді, теріде жырықтар пайда болады, шырышты қабықтар үнемі құрғай береді. Сондай-ақ адамның тамаққа тәбеті болмайды, әлсізденіп, шаршай береді. Кейде адам, тіпті, ашуланшақ болып кетеді.

2. Ағзаға кальций жетіспейді. Кальций ағзаға екі себеппен сіңбеуі мүмкін: бауырдың ауыр патологиясы кезінде және C, D, E дәрумендерін жеткіліксіз қолдану кезінде. Ағзаға кальций жетіспесе, шаш сынғыш бола түседі, тырнақ қабыршақтана береді және тіс сынуы мүмкін.

3. Қалқанша без аурулары. Кей эндокринді бұзылыстар кальцийдің ағзадан жылдам шығып кетуіне ықпал етеді, сондықтан адам оның орнын толықтырып, табиғи минерал жегісі келеді. Бұл жағдайда қалқанша безді емдеу керек.

4. Жүктілік. Бұл жағдайда әйел ағзасына кальций жетіспеуі немесе тағамдық талғамының өзгерген болуы мүмкін. Алдымен өз дәрігеріңізбен ақылдасыңыз. Егер ешқандай қарсы көрсетілім (мысалы, іш қатуға бейімділік) болмаса, 1-2 бөлік бор жеуге болады. Бастысы, техникалық емес, аспаздық түрін таңдаңыз.

5. Психологиялық тәуелділік. Психологиялық проблемалары бар адам кейде бірдеңе қытырлатып отырғысы келеді. Ол оны тыныштандырады. Мұндай адам күніне, тіпті, оның 1 килограмын жеп тастай алады. Егер бұл тәуелділікті өздігінше жеңе алмасаңыз, психолог көмегіне жүгінген жөн.

Борды немен алмастыруға болады?

Егер бор жеуіңіздің себебі бауыр ауруы болса, онда рационыңыздағы ащы, майлы, тұзды және тәтті тағамдарды азайтыңыз.

Егер анемия болғандықтан, бор көп жеп жүрген болсаңыз, құрамында темірі бар өнімдер жеуге тырысыңыз. Оларға мыналар жатады:

- бауыр;
- кепкен жемістер;
- жемістер, әсіресе, анар, өрік, алмұрт, алхоры;
- жұмыртқа;
- ет.

Ағзаға кальций жетіспегендіктен бор жейтін болсаңыз, оны балық, сүзбе, теңіз қырыққабаты, жаңғақтар, ірімшік жеу арқылы толықтыра аласыз.

Борды көп жеу несімен қауіпті?

Егер борды аз-аздан жесеңіз, ол адам денсаулығына зиян келтіре қоймайды. Бірақ оны көп және жиі жеу мына проблемаларға әкелуі мүмкін:

- Асқазан-ішек жолы жұмысының бұзылуы (іш қату, қыжыл және т.б);
- Органдарға (өкпе, бауыр, бүйрек) кальцинаттардың түзілуі;
- Қант диабетінің дамуы;
- Қан тамырлар тесігінің тарылуы.

Өздерін боржегіштер деп атайтын адамдар да бар. Олар бірігіп, бор түрлерінің дәмдерін талқылайды және оларды камераға қарап жейді. Қытырлатып дауысын естітуге тырысады. Мұндай видеолар миллиондаған көрілім мен лайк жинайды. Бір жағынан, бұл ASMR-видеоға жатады. ASMR жайлы мына жерден оқи аласыз.

А. Жапатова