- Негізгі бет
- Денсаулық
- Швед биологы медицина саласындағы Нобель сыйлығын иеленді
Швед биологы медицина саласындағы Нобель сыйлығын иеленді
Физиология және медицина бойынша 2022 жылғы Нобель сыйлығы швед биологы Сванте Паабоға берілді. Ол жойылған гоминидтердің геномдары мен адам эволюциясы саласындағы жаңалығы үшін лауреат атағын алды. Бұл туралы Нобел комитетінің ресми сайты хабарлады.
Паабо Швеция Корольдік ғылым академиясының мүшесі, АҚШ Ұлттық ғылым академиясының, Франция ғылым академиясының және Лондон корольдік қоғамының шетелдік мүшесі. Оның әкесі Суне Карл Бергстрем де 1982 жылы физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығын иеленген. 1997 жылдан қазіргі уақытқа дейін Сванте Паабо Германияның Лейпциг қаласындағы Макс Планк эволюциялық антропология институтында жұмыс істейді.
Медицина саласындағы Нобель сыйлығы жалпы 112 рет беріліп, 2021 жылға дейін 224 лауреат анықталды.
2021 жылы физиология және медицина саласындағы Нобель сыйлығы америкалық зерттеушілер Дэвид Джулиус пен Ардем Патапутянға берілген болатын. Олар адам ағзасының температура мен жанасуды сезінуіне мүмкіндік беретін рецепторларды ашқаны үшін аталмыш сыйлыққа лайыұ деп табылған. 2020 жылы С гепатиті вирусының ашылуына елеулі үлес қосқан америкалық вирусологтар Харви Альтер, Чарльз Райс және британдық Майкл Хоутон сыйлықтың лауреаттары атанған болатын.
Айта кетейік, 10 қазанға дейін Стокгольм мен Ослода физика, химия, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының, Бейбітшілік сыйлығының, сондай-ақ Швеция Мемлекеттік банкінің экономика саласындағы Альфред Нобель мемориалдық сыйлығының лауреаттары жарияланады.
Т. Раушанұлы