Бүйректегі кішкене тастың өзін алып тастаған жөн

Бүйректе қалып қалған кішкене тастың өзі ауруды асқындырып жіберуі мүмкін.

Кей урологтардың бүйректе кішкене бір тас тұрып қалса, ештеңе етпейді, зияны жоқ дейтіні бар. Диаметрі 6 мм-лік тастарды қауіп көрмейді. Дәретпен бірге өзі сыртқа шығып кетеді деп сендіреді. Ондай пациенттерді тек бақылауда ұстағанды құп көреді. 

Алайда Нью-Йорк университетінің ғалымдары бұл дұрыс емес дейді. Олардың айтуынша, сол кішкене тас уақыт өте келе, шамамен 5 жылдың ішінде үлкен тасқа айналып ауру тудыратын көрінеді.

 Ғалымдар 75 науқастың бүйректегі тас мөлшерін бақылауда ұстап, 6 жыл бойы тәжірибе жүргізгенде байқаған. Науқастардың түгелі дерлік кейін бүйрек тасы дертіне шалдыққан екен. Жартысы бірінші деңгейдегі, қалған жартысы екінші және бірінші деңгейде тастарды алдыру үшін ота жасатқан.

Бұл зерттеуге дейін урологтар "кішкене тастың алып тастаймыз ба әлде жүре берсін бе?" деген сауалға нақты жауабы болмаған еді. Енді америка ғалымдары кішкене тастың үлкен тасқа айналу мүмкіндігі 82 пайызға тең деп қорытынды шығарып, біршама нақты жауап берген көрінеді.