Шай ас қорытуға көмектесе ме?

Шай ас қорытуға көмектесе ме?
Фото: fort.crimea.com

Халқымыз – шайқұмар халық. Тамақты да шаймен ішуді ұнатамыз. Ас қорытсын деп тамақпен бірге немесе тамақтан соң шайды іше беретініміз тағы бар. Іш ауырса, асқазан қыжылдап, ас қорыта алмай жатса, шай іш деп жатамыз.

Мұның бәрі қаншалықты шындыққа жанасымды, сол жағын қарастырып көрейік.

Асқорыту жүйесі дегеніміз – ағзаға түскен тағамды өңдеп энергияға айналдыру, артылып қалғанды шығару. Бүкіл осы жүйенің біреуі ақау берсе, дискомфорт пен ауру, іш өту басталады. Асқазан мен ішек жұмысының нашарлауына мыналар әсер етеді:

- Күйзеліс

- Ұйқы қанбау

- Ішімдік пен темекі

- Асқазанның өзінің ауруы, қорыта алмау

- Дұрыс тамақ ішпеу

- Созылмалы аурулар

- Қимыл-қозғалыстың жоқтығы

Асқазан тамақты дұрыс қорыта алмай қинала берсе, мұның соңы созылмалы ауруларға, артрит пен диабетке әкелуі мүмкін.

Ал жалпы шайдың асқорыту жүйесіне тигізер пайдасының бар-жоғына тоқталсақ, зерттеулерде шай шынымен де ас қорытуға көмектесетіні айтылған.

Мәселен, Nutrients журналында жарияланған мына бір зерттеуде шайдың ішектегі жағымды микрофлораның көбеюіне септігі тиетіні жазылған. Әсіресе, қара шай мен қытайдың улун шайы осыған көмектесетін көрінеді.

Ал көк шай ас қорытуды жақсартып, крахмалдың ағзаға сіңуіне көмектесетіні айтылған мына зерттеуде.

Басқа зерттеулерде шайдың құрамындағы флавоноид заты асқорыту жүйесін жөндеп, астың қорытылуына септігі тигізетіні айтылған. Ал флавоноид болса, бүкіл шайда кездеседі.

Сонымен ас қорытуға көмектесетін шайлар мыналар:

- Қара шай

- Көк шай

- Зімбір шай

- Фенхель шай

Ал егер асқазан үнемі ас қорыта алмай қиналса, онда ең дұрысы дәрігерге қаралған абзал.

Шайдың пайдасын сезіну үшін дұрыс іше біліңіз

Қ. Слямбек