Адамның түнде тіс шықырлатуының себебі не?

Адамның түнде тіс шықырлатуының себебі не?
Фото: ctoma.ru

Адамның түнде ұйықтап жатып тіс шықырлатуын ғылымда бруксизм деп атайды. Бұл да бір аурудың түрі саналады. Адам неге түнде тіс шықырлатады? Себебі әртүрлі, бірі маңызды болса, енді бірі жай себеп болуы мүмкін. Ендеше соларды қарастырып көрейік.

Мамандары бруксизмнің себебін екі ірі топқа бөліп қарайды. Оның бірі – тіс дәрігерінің көзқарасы тұрғысынан, екінші психологтың көзқарасы тұрғысынан.

Мәселен, тіс дәрігерлері адамның түнде тіс шықырлатуының себебі ауыз қуысының дұрыс орналаспауы, әсіресе, тіс жүйесінің дұрыс орналаспағанынан болады деп түсіндіреді. Тіс тығыз не алшақ орналасса, тамақты дұрыс тістей алмаса немесе протез мен пломбы дұрыс қойылмаса, бұл бруксизмге әкеледі дейді стомотологтар. Тістің орналасу тізбегі бұзылуы – адентия пайда болса да тіс шықырлатуға әкеледі.

Екінші себебі – нейробұлшықет жүйесінің бұзылуы. Бұған неврологиялық себептер жатады. Күйзеліс, көңіл-күйдің түсуі, күнделікті күйбең тіршіліктен қажу, психикаға күш түсу сынды психологиялық жай-күйлер әсер етеді.

Мәселен, студент сабағына үлгере алмай қатты қиналуы мүмкін, ересек адамның жеке өмірінде қиындықтар болуы, өзін кінәлауы, өкінуі, өзін бәрінен кем санауы мүмкін. Неврологтар осының бәрі орталық ми жүйесінің жұмысын нашарлатып, содан бұлшықет тырысып, қысылып қалады, сол бруксизмге әкеледі деп түсіндіреді.

Адам тіс шықырлатқанын өзі сезбейді көбіне. Елден естиді. Адам бір тіс шықырлатқанда, 10 секундтқа дейін шықырлатуы мүмкін. Бірақ соны қайталау береді. Түнімен тіс шықырлатқан адамның таңертең басы ауырып, иегі мен жағы ауруы мүмкін. Адамның ұйқы қанбауы, шаршап тұруы мүмкін.

Тіс шықырлатқан жақсы емес. Мамандардың айтуынша, тіске аса зиян көрінеді. Тістің эмалі кетіп, тіс қисық бітуі мүмкін. Ыстық пен суық нәрсені іше алмай қалуы ықтимал адамның. Содан тіс қабынуы мүмкін. Пломбы мен тіссауыт кетуі мүмкін.

Сондықтан мамандарға қаралған абзал. Ортодонт, хирург, невролог, психотерапевт және стомотологтар қарап, бруксизмнің себебін анықтайды. Невролог пен психотерапевт тіс шықырлатудың неден екенін анықтап, ортодонт пен стоматолог емдейді.

Қ. Слямбек