Ғалымдар парацетамолдың өлімге әкелетін қаупін анықтады

Ғалымдар парацетамолдың өлімге әкелетін қаупін анықтады
Фото: vgr.by

Эдинбург университетінің мамандары зерттеу жүргізіп, парацетамолды ұзақ уақыт қолдану қан қысымы жоғары науқастарда жүрек ауруы мен инсульттің болуын арттыратынын анықтады. Бұл туралы РИА Новости жазды.

Жүкті кезде парацетамол ішуге бола ма?

Зерттеуге жоғары қан қысымы бар 110 ерікті қатысты. Екі апта бойы олардың бір тобы күніне төрт рет парацетамол, ал екінші топ плацебо ішкен. Емнің екі түрін де пациенттер рандомды түрде, білмей қабылдады.

Сонымен қатар, қатысушылардың үштен екісі гипертонияға қарсы препараттарды да ішкен. Нәтижесінде, олардың қан қысымы жоғарылағаны анықталды.

Сарапшылардың пікірінше, парацетамолды үнемі қолдану жүрек ауруы немесе инсульт қаупін шамамен 20 пайызға арттырады. Адамдар препаратты қабылдауды тоқтатқаннан кейін олардың қан қысымы зерттеудің басында болған деңгейге оралды.

Бұрын белгілі болғандай, парацетамолды қабылдау бауыр ауруын күшейтетіні және тері бөртпесі түрінде аллергиялық реакция тудыруы мүмкін екені айтылған болатын.

Парацетамол, сондай-ақ ацетаминофен ретінде белгілі, ауруды басу үшін кеңінен қолданылады. Препарат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының маңызды дәрілік заттар тізіміне енгізілген.

Бұған дейін ғалымдар жүктілік кезінде парацетамолды қабылдау баланың аутизмге және назар аудару тапшылығының гиперактивтілігіне (ADHD) шалдықтыратынын анықтаған болатын.

Т. Раушанұлы