Бедеулік, суықтау және нәпсіні тежеу - урологпен сұқбат

Қазір әлем медицинасында өзекті тақырыпқа айналған мәселе – ер адамның денсаулығы. Әсіресе, ер азаматтың ұрпақ қалдыру қабілетінің нашарлауы мен басқа да жыныс мүше ауруларының, инфекциялардың пайда болуы көпті толғандырған мәселеге айналды.

Massaget.kz тілшісі ер азаматтың денсаулығына қатысты жиі қойылатын сауалдарды жинап, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының маманы, уролог әрі нефролог дәрігер Жаннұр Сырымовтан сұрап көрді. Назарларыңызға урологпен сұқбатты ұсынамыз.

- Ең алдымен, уролог деген кім? Көбіміз тар мағынада түсінетініміз рас. Жаннұр Мәуленұлы, сұхбатымызды содан бастасақ...

- Уролог ер адамды ғана емдейді деген түсінік бар. Олай емес. Уролог – бүйрек пен қуық, бүкіл зәр шығару (несеп) жүйесін емдейтін дәрігер. Демек, оған әйел адам да жатады. Урологияның өзі өз ішінен бірнеше салаға бөлініп кетеді. Мамандар соған орай маманданады. Мәселен, бүйрек аурулары бір бөлек, қуық аурулары - бір бөлек. Бүйрек ауруларының өзі бүйрек-тас, созылмалы бүйрек аурулары, бүйректің қабынуы болып бөлінеді. Одан бөлек, қант диабетінен туған бүйрек аурулары бар. Қуық аурулары туа бітті, жүре пайда болатын, қабынған түрлері болады. Қатерлі ісікті тексеріп, емдейтін онкоурологтарымыз тағы бар.

Бала урологы, ересектер урологы деп те бөлінеді. Ал ер адамның белсіздігін емдеумен айналысатын саланы – андрология дейді. Жоғарыда айтылғандай, айтылған саланың өз маманы, өз дәрігері бар.

- Түсінікті. Қазір ер азаматтар арасында қандай аурулар белең алып барады?

- Біздің орталыққа амбулаторлық есеппен келетіндерге қарасақ, простатит (қуық түбі безінің қабынуы), белсіздік бойынша жүгінетіндер көп. Қазір простатит пен белсіздіктің "жасарып бара жатқаны" байқалады. Жастар жағынан келушілер көбейді.

- Простатаның алғашқы белгілері қандай, айта отырыңызшы...

- Ең алғашқы белгісі – кіші дәретті жібере алмау. Дәрет ащы, ыңғайсыз шығады. Толық шықпауы мүмкін. Қуық тұсында, шаптың ортасында ауырсыну белгілері болады.

- Простатитке шалдығуға не себеп?

- Бұл аурудың екі түрі бар. Бірі – бактериалды, екіншісі – абактериалды. Біріншісі салқын тиюден, қимыл-қозғалыстың жоқтығынан, күйзеліс пен аутоиммунды аурудан пайда болады. Ал екіншісін инфекция жұқтырудан болады. Инфекцияны жыныстық қатынасқа түсуден (мүшеқапсыз) жұқтыруы мүмкін.

- Простатиттен қалай емделеді?

- Дұрыс диагностика жүргізіліп, себебі нақты анықталуы тиіс. Кейін соған сай емдеу шарасы жасалады. Сол емді толық қабылдаса және профилактикасын ұстанса, простатиттен толық жазылуға болады. Оны емдеу үшін сабыр мен төзім керек.

- Бедеулік қаншалықты емделеді?

- Кейде орталыққа үйленгеніне 2-3 ай болған жастар "бала болмады", "жүкті бола алмадық" деп келіп жатады. Бұл – бедеуліктің көрсеткіші емес. Егер ерлі-зайыпты 2 жыл бойы бала сүйе алмаса, мұнда бедеуліктің белгілері бар. Сондықтан ең алдымен жүктілікті күту қажет.

Бедеуліктің емделу-емделмеуі жалпы жағдайға байланысты. Егер ер азаматтың ұрығында "тірі" сперматозоид қалмаса (спермограмма тапсыру), онда жағдай қиын. Өкінішке қарай, мұндай ер адам бала сүйе алмайды. Егер ұрығында аз да болса, қозғалмалы тірі сперматозоидтар болса, онда ұрпақ қалдыруға мүмкіндігі бар. Мұндайда біз физиотерапия қолданып, дәрі-дәрмек беріп, варикоцеле сынды ауруға ота жасап, ем-шара жасаймыз. Біраз уақыт ем қабылдағаннан кейін тірі ұрықтың саны көбейсе, ем қонды деген сөз. Егер одан да нәтиже шықпаса, онда ЭКО-ға, яғни, қолдан ұрықтандыруға жібереміз.

- Бедеулікке не себеп?

- Себебі көп. Ғылымда ашылмаған сырлары бар әлі. Біздің ойымызша, бірінші кезекте экологияның нашарлығы мен құнарлы тағам ішім-жемеу тұр. Консервант тағамдарды көп жейміз. Бұл дұрыс емес. Кейінгі кезде созылмалы аурулар да көбейді. Түрлі инфекциялар пайда болуда. Салғырттықпен қауіпті инфекцияларды жұқтырып алғанымызды өзіміз де сезбей қаламыз. Ол үшін тұрақты тексеріліп тұру керек.

Ер азаматтың жұмыс орнына да байланысты. Радиациялық, химиялық кәсіпорында істейтіндер қауіпті аймақта жүр. Соған да қарау керек.   

- Олар қандай инфекциялар?

- Белсіздікке себепкер бірден-бір инфекция – хламида немесе хламидиоз. Жыныс мүшесі арқылы жұғады. Мұны жұқтырған адам жұқтырғанын білмей жүре береді. Белгілері байқала қоймайды. Одан бөлек гонорея, стриктура сынды инфекциялар бар. Кіші дәретке "шабуыл жасайтын" инфекциялар.

- Суықтау, мұздау, аяқтан суық өту, суық тию қаншалық қауіпті?

- Негізінен ер адамның жыныс мүше ауруларына басты себеп – дәл осы суықтау, суық өту. Ол да инфекция туғызады. Суық өту созылмалы простатит пен бедеулікке алып келеді.

- Нәпсіні тежеу (воздержание) қаншалықты дұрыс?

- Тоқырау простатиті деген бар. Ұрық қуықасты безіне жинақталып, қуыққа кері әсер етеді. Ауру содан пайда болады. Ал бұған себеп – жыныстық қатынасқа түспеу. Ұзақ уақыт, айлап түспеу.

- Аптасына қанша рет жыныстық қатынасқа түскен дұрыс?

- Кем дегенде, екі рет. Соны біз белсенді жыныстық қатынас деп есептейміз. Жыныстық қатынасқа аз түскен сайын, оның функциясы да нашарлай береді. Жыныстық қатынас адамның қан айналымын жақсартады. Қуыққа қан жүріп, көп аурудың алдын алуға болады.

- Қандай белгілер байқалғанда бірден урологқа қаралу керек?

- Жастар үйленгенге дейін бір қаралып алсын деп кеңес берер едім. Дені сау ұрпақ әкелу үшін іштегі ауру мен инфекциялардан емделіп алу керек. Сосын бүйрек ауырсынса, кіші дәрет шықпаса немесе ащы, қызыл болып шықса, онда бірден урологқа жүгініңіз.

- Ер адамдарға денсаулығын сақтау үшін нендей кеңес берер едіңіз?

- Ең алдымен, дұрыс тамақтану қажет. Яғни, алкогольді ішімдік пен ащы тағамдардан бас тартқан жөн. Алкоголь қуық түбі безінің қабынуына әкеледі. Мәселен, бізде емделіп жүріп ішімдікті қойған адамдардың кейін ішуді қайта бастап кеткенде, ауруының асқынып кеткенін талай көрдік. Сондықтан барынша ішімдіктен бас тартыңыз. Құнарлы, табиғи тағам жеуге тырысқан жөн. Тәтті, қанты мол тағамдарды азайтқан жақсы.

Жиі спортпен айналысыңыз. Жүгіру, жүру, атқа міну – осының бәрі спорт. Спортпен айналысқан адамның қан айналымы жақсарады. Семіздік тестостеронды азайтады. Ал спорт бұл гормонды көбейтеді.

Үшінші кеңесім – жиі жыныстық қатынасқа түсу. Оған немқұрайлы, бей-жай қарамау. Мәселе жиілікте емес, үнемі, әрдайым, сапалы жасауда. 

- Сұхбатыңызға рақмет!