Вакцинация және ревакцинациядан кейін "жасыл" мәртебе қанша уақыт сақталады?

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы Айжан Есмағамбетова вакцинация және ревакцинациядан кейін "жасыл" мәртебенің сақталу мерзіміне қатысты жаңа құжатқа қол қойды.

"COVID-19-ға қарсы вакциналаудың аяқталмаған курсы бар адамдар үшін "жасыл" мәртебе вакцинаның бірінші компонентін алғаннан кейін 21 күн бойы сақталады. Күнтізбелік 21 күн өткеннен кейін вакциналаудың екінші курсы болмаған жағдайда "жасыл" мәртебе "көкке" ауыстырылады. Ал COVID-19-ға қарсы вакциналаудың аяқталған курсы бар адамдар үшін "жасыл" мәртебе бір жыл бойы сақталады. COVID-19-ға қарсы ревакцинация алған адамдар үшін ревакцинация алған күннен бастап "жасыл" мәртебе бір жыл бойы сақталады. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын. Қаулы қол қойылған күннен бастап күшіне енеді", - делінген ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушы Айжан Есмағамбетова қол қойған құжатта. 

Ревакцинация әр адамның қалауы бойынша салынады. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулықбасқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали айтты.

Ревакцинацияны 6-9 айдан кейін жасау ұсынылды, оның ішінде:

♦ векторлы вакцина (Спутник) салдырғандарға - 9 айдан кейін инактивтелген (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе м-РНҚ-вакцина (Pfizer) салу ұсынылады;

♦ инактивтелген вакцина (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) салдырғандарға - 6 айдан кейін векторлы (Спутник) немесе м-РНҚ-вакцина (Pfizer) салдыру ұсынылады;

♦ м-РНҚ вакцина (Pfizer) салдырғандарға - 6 айдан кейін инактивтелген (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе векторлы (Спутник) вакцина салдыру ұсынылады;

♦ вакцина курсынан кейін коронавирус жұқтырғандарға - аурудан айыққаннан кейін үш айдан соң салдыру ұсынылады.

Айта кетейік, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұрын коронавирусқа қарсы екпе алған азаматтарды қайта вакцинациялау 22 қарашада басталатынын айтқан болатын.

"Қайта вакцинациялау 22 қарашада екі кезеңмен басталады. Қауіп тобындағы адамдардың бірінші кезекте екпе алуын қамтамасыз ету үшін осы жылдың аяғына дейін алғашқы екпенің мерзімін ескере отырып, халықтың осал топтары – медицина қызметкерлері, мұғалімдер, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен контингенті, жабық балалар мекемелері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері екпе алады”, - деді Цой үкімет отырысында.

Ол 60 жастан асқан адамдарға, сондай-ақ өз бетінше зерттеуден өткен және коронавирусқа қарсы антиденелерге тест нәтижесі теріс болған адамдарға белгіленген мерзімдер ескерілмей қайта вакцинациялауға жіберілетінін түсіндірді.

Премьер-Министр Асқар Мамин екпе орталықтарының, медициналық ұйымдар мен медицина қызметкерлерінің дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.