Дәрумендерді қалай ішу керек?

Дәрумендерді қалай ішу керек?
Фото: crello.com

Егер дәрумендер ішкіңіз келсе, алдымен маманның кеңесін алған жөн. Себебі дәрігер анализдеріңізге қарай қажетті және бір-бірімен үйлесімді дәрумендік препараттарды ұсынып, қалай ішу керегін айтады. Ал егер дәрумендерді өздігінше ішуді шешсеңіз, төмендегі ақпарат сіз үшін пайдалы болады.

Дәрумендерді ішерде мына сұрақтардың жауабын білуіңіз керек:

1. Қай дәрумендерді қандай уақытта ішу керек?
2. Майда және суда еритін дәрумендердің қандай айырмашылығы бар?
3. Қандай дәрумендердің антагонисті бар? Антагонистер — бірге ішсе, бір-бірінің сіңуіне кедергі келтіретін дәрумендер.

Дәрумендерді қай уақытта ішу керек?

Таңғы ас кезінде мына дәрумендерді ішу ұсынылады: темір, С дәрумені, В тобының дәрумендері, омега-3, йод, D дәрумені, К дәрумені немесе магний цитрат. Кей нутрицевтиктер күш-қуат береді, сондықтан оларды таңертең ішкен жөн.

Күндіз мыналарды ішуге болады: А, Е, С, D және К дәрумендерін, мыс, мырыш, омега-3 немесе магний цитрат.

Кешкі ас кезінде мыналарды ішкен дұрыс: С дәрумені, мырыш, селен және магний. Бұл нутрицевтиктер тыныштандырушы әсерге ие.

Дәрумендерді қалай дұрыс ішу керек?

Дәрумендер суда және майда еритін болып бөлінеді. Суда еритін түрлеріне С дәрумені мен В тобының дәрумендері жатады. Олардың ерекшелігі — ағзада жиналмауында және жылдам шығарылуында. Оларды тамаққа дейін немесе кейін және тамақпен бірге ішуге болады. Бірақ оларды судың көп мөлшерімен ішу керек, сол кезде олар ағзаға жақсы сіңеді.

Майда еритіндерге А, D, Е және К дәрумендері жатады. Бұл дәрумендер көбіне бауырда жиналады. Олар тамақпен бірге жақсырақ сіңеді. Тамақтың пайдалы майларға бай болғаны жақсы.

Аминқышқылдар мен коллагенді аш қарынға ішуге болады. Сол кезде олар жақсырақ сіңеді.

Дәрумендердің өзара үйлесімі

D, К және С дәрумендері өзара жақсы үйлеседі. D және К дәруменінен тұратын жұпты кальциймен толықтыруға болады. К дәрумені D дәруменінің, ал D дәрумені кальцийдің әсерін күшейтеді, сондай-ақ кальций мен К дәрумені сүйектер беріктігі мен саулығы үшін жауап береді. Олар күшті үштікке айналады. Сонымен қатар, бұл дәрумендер магниймен және фосформен жақсы үйлеседі.

А дәруменімен Е және С дәрумендері жақсы үйлесім табады. Е дәрумені А дәруменін тотығудан қорғайды, ал С дәрумені қалған екеуінің сіңуін жақсартады. Сондай-ақ А дәруменімен йод, мырыш және темір жақсы үйлеседі.

В тобының дәрумендері:
- В1 дәрумені С дәруменімен және магниймен үйлеседі;
- В2 дәрумені С, D3, В9 дәрумендерімен және темірмен үйлеседі;
- В3 дәрумені хроммен және мырышпен үйлеседі;
- В5 дәрумені мыспен үйлеседі;
- В6 дәруменіy  D3 дәруменімен, магниймен және темірмен үйлестіруге болады;
- В9 дәрумені (фолий қышқылы) D, В2 дәрумендерімен және темірмен үйлеседі;
- В12 дәрумені кальциймен үйлеседі.

С дәрумені темірмен және хроммен жақсы үйлеседі. Үш заттың әрбіреуі басқа екеуінің сіңуіне шапшаңдатқыш ретінде қызмет етеді. Сондай-ақ С дәруменімен бірге А, Е, D3, В1 және В2 дәрумендерін ішуге болады.

Қандай дәрумендерді бірге ішпеу керек?

Мырыш пен мысты бөлек-бөлек ішкен жөн. Себебі бірге ішсе, олар бір-бірін ағзадан ығыстырады. Сондай-ақ темір, кальций, магний, В6 және В9 дәрумендерін мырыштан бөлек ішу ұсынылады.

А және Е дәруменін мыспен үйлестірмеу ұсынылады. Сондай-ақ Е дәруменін D дәруменінен және темірден бөлек ішу керек. Е дәруменінің әсерінен олар ағзаға нашар сіңеді.

В тобының дәрумендерімен аса мұқият болу керек, себебі олардың көбі бір-бірімен үйлесе бермейді:
- В1 дәрумені В2, В6 және В12 дәрумендерімен үйлеспейді;
- В2 дәрумені В1 дәруменімен  және кальциймен үйлеспейді;
- В3 дәрумені В12 дәруменімен үйлеспейді;
- В6 дәруменін  В1, В9, Е дәрумендерімен және мырышпен үйлестірмеген жөн;
- В9 дәрумені В6 және В12 дәрумендерімен үйлеспейді;
- В12 дәрумені В1, В3, В9, С дәрумендерімен және мыс пен темірмен үйлеспейді;

Бірақ В обының барлық дәрумендері бар кешенді препарат болса, оны ішуге болады. Себебі мұндай препараттарда әр дәруменнің нақты босатылу уақыты есептелінеді, сондықтан олар бір-біріне кедергі келтірмейді.

Темірді кальциймен, магниймен, мырышпен және хроммен бірге ішпеген жөн. Алғашқы үш элемент темірдің деңгейін төмендетсе, хром темірдің жасуша ішіне кіру қабілетіне жағымсыз әсер етеді.

А. Жапатова