Алматыда «Хирургия: кеше, бүгін, ертең» атты хирургтардың VII Конгресі өтті

Алматыда «Хирургия: кеше, бүгін, ертең» атты хирургтардың VII Конгресі өтті

2021 жылғы 30 қыркүйек - 1 қазан аралығында Алматы қаласында онлайн режимде (тікелей көрсетілім) А.Н. Сызғанов ат. Ұлттық ғылыми хирургия орталығының құрылғанына 75 жыл толуына арналған "Хирургия: кеше, бүгін, ертең" атты халықаралық қатысумен Қазақстан хирургтарының VII Конгресі өтті.

Конгрестің ұйымдастырушылары – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен "А.Н. Сызғанов ат. Ұлттық ғылыми хирургия орталығы" АҚ, "Қазақстандық хирургтар қоғамы" РҚБ.

Конгресс жұмысының бірінші күні салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Денсаулық сақтау министрі А.В. Цой және С.Д. Асфендияров ат. ҚазҰМУ ректоры Т.С. Нұрғожин қатысты. Секциялық отырыстар екі күн бойы 4 виртуалды залда өтті.

Конгреске Үндістан, Түркия, Жапония, Қытай, Әзірбайжан, Германия, Грузия, Италия, Литва, Израиль, Корея, Уругвай, Латвия, Ұлыбритания, Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстанның жетекші мамандары қатысты.

Конгрестің бағдарламасы әлемдегі медицина ғылымының маңызды жетістіктеріне, хирургиялық ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу жөніндегі жаңа бағыттарға арналған және Азия, Еуропа мен Америка елдерінің жетекші шетелдік клиникаларымен тәжірибе алмасуға, кардио- және интервенциялық хирургия, қантамырлар хирургиясы, торако-абдоминалды хирургия, микро- және пластикалық хирургия, хирургиядағы анестезиология және қарқынды терапия секілді күрделі салалар бойынша білім деңгейін жетілдіруге бағытталған. Трансплантологияны дамыту мәселелері мен осы саладағы жетістіктерге ерекше назар аударылды.

"А.Н. Сызғанов ат. Ұлттық ғылыми хирургия орталығы" АҚ Басқарма төрағасы Баймаханов Болатбек Бимендеұлы өз сөзінде "Медицина саласындағы өзекті ақпаратпен алмаса отырып, жас хирург мамандар мен дәрігерлерге практикалық тәжірибе беру арқылы Конгрестің қатысушылары отандық хирургия қызметінің дамуына қомақты үлес қосады, ал ұсынылған кеңестер практикалық қызметте өз қолданыс орнын табады деп сенемін" деді.

Конгресс шеңберінде хирургияның өзекті мәселелері бойынша жетекші мамандардың дәрістері тыңдалып, жас ғалымдардың стендтік баяндамалары талқыланды.

Секциялық отырыстарға тікелей көрсетілім арқылы Қазақстанның барлық өңірінен қатысқан мамандар халықаралық сарапшылардың тәжірибелерін келешекте клиникалық практикада қолдана алады.

Н. Үсенова