Тестостеронның төмен екенін білдіретін белгілер

Тестостеронның төмен екенін білдіретін белгілер
Фото: www.humblemusings.com

Адам ағзасы гормондардан тұрады. Гормон азайған сайын, адамның күш-қуаты азаяды, дене-бітімі өзгереді, қартаю басталады. Әйел адамға тән басты гормон – эстрадиол болса, ер адамның басты гормоны – тестостерон.

Қазір тамақтанудың бұзылуы мен экологияның әсерінен ер адамда тестостерон азайып барады дегенді жиі еститін болдық. Гормоналды дисбалансқа жол бермеуіміз қажет. Тестостерон бірден азайып кетпейді, жүре-жүре уақыт өте азаяды. Сондықтан оның алдын алғанымыз, алғашқы белгілеріне мән бергеніміз жөн.

Тестостерон деңгейі 30 жасқа дейін жоғары болады. Одан кейін жыл сайын 1 пайыз азайып отырады.

Тестостеронның аздығын білдіретін басты белгі – жыныстық қатынастың бұзылуы. Оған ер адамның жыныстық қатынасқа ниетінің болмауы, эрекцияның нашарлауы, ұрпақ қалдыру мүмкіндігінің азаюы жатады.

Тағы белгілерінің бірі – дене-бітім, сүйектің жіңішкелігі. Әрине, бұл адамның генетикалық ерекшелігіне де байланысты. Бірақ тестостерон аз еркектің сүйегі сынғыш, дене массасы жеңіл келеді.

Күйзеліс пен әлсіздік. Бұл да тестостеронның аздығын білдіреді. Апатияның кесірінен ер адамда көңілсіздік жайлайды, күйзеліс басады. Гормон аз болғандықтан, әлсіздік орын алады. Кейде көңіл күйдің жиі өзгеруі, бірде көңілді, бірде мұңды болуы да осы тестостеронның жетіспеуінен.

Қ. Слямбек