Туберкулез жайлы мифтер, емдеу мен сақтанудың жолдары - профессормен сұқбат

Туберкулез – әлеуметтік ауру. Жұқпалы дерт болғандықтан, одан қорқатындар көп. Ел арасында өкпе ауруы жайлы тарап кеткен қауесет те жетерлік. Шындыққа жанаспайтын сөз көп көрінеді. Ал мамандар мұның бәрі ақпарат жетіспеуінен деп біледі. Ендеше туберкулез жайлы толығырақ білу мақсатында медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ДСМ Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы жанындағы Жаһандық қор гранты Жобасын іске асыру тобының менеджері Шахимұрат Исмаиловпен әңгімелескен едік.

- Шахимұрат Шаимұлы, алдымен туберкулез жайлы айтылып жүрген мифтер тоқталсақ. Мәселен, "туберкулез – жазылмайтын дерт, тұқымқуалайтын ауру" деседі. Бұл қаншалық рас?

-  Туберкулез емделмейтін ауру емес. Оны 100% емдеуге болады. Ол ғылыми медицинада да, практикалық зерттеу мен тәжірибе жүзінде дәлелденген. Яғни, ауруды емдеудің әдістері сынақтан өтіп, тиімді нәтижеге қол жеткізген. Ең алдымен соны айтуымыз керек. Екіншіден, туберкулез генетикалық ауру емес. Яғни, қазақша айтқанда, тұқымқуалайтын дертке жатпайды.

Бірақ туберкулез – жұқпалы ауру. Коронавирустан да қауіпті. Өйткені адамзаттың коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитеті қалыптасса, қауіп сейіледі. Ал туберкулезге қарсы ұжымдық иммунитет қалыптаспайды. Оны тек дәрі-дәрмекпен, жүйелі күтіммен емдеуге болады.

- Туберкулездің дәрі-дәрмекке төзімді, яғни, оған бой бермейтін түрлері бар деседі. Оны қалай емдеуге болады?

- Туберкулездің бірнеше түрі бар. Науқастан ауру қай кезде анықталды, бәрі соған байланысты. Алдымен туберкулезді екі үлкен топқа жіктеп алған жөн. Біріншісі – дәріге сезімтал туберкулез болса, екіншісі – дәріге төзімді түрі.

Туберкулездің микробы табиғатынан дәрі-дәрмекке сезімтал. Яғни, оны дәрімен оңай емдеп алуға болады. Науқастан ауру анықталғанда-ақ 5-6 айдың ішінде дәрігер жазып берген дәріні үзбей ішсе, онда құлан-таза айығып кетеді. Бұған күмән жоқ. Бірақ науқастардың бәрі бірдей емес. Жауапкершілігі жоғы, тәртіпсізі, сабырсызы бар. Түрлі себеп тауып, 6 айға дейін үзбей ішетін дәріні тастап кетеді. Жол ортадан бұзады. Бұл – үлкен қатерлік. Туберкулездің дәріге тұрақты түрі осыдан пайда болады.

Өйткені туберкулездің бактериясы – өте айлакер, бейімделгіш, қу болады. Егер дәріні жүйелі ішпесе, уақыт өте келе микробактериоз дәрінің әсеріне бейімделіп алады да, оған бой бермейтін, дес бермейтін дертке айналады. Туберкулездің бұл түрін де емдеуге болады. Бір дәріге үйреніп алған туберкулезді енді басқа препараттармен емдеу керек. Ал оған тағы көп уақыт кетеді. Тұрақты форманы емдеу үшін 12-18 ай керек. Кейде 20-24 айға дейін созылуы мүмкін.  

Сондықтан туберкулезді емдеп бастаған науқас соңына дейін күресіп, дәрісін үзбей ішіп, денсаулығы мен өміріне жауапкершілікпен қарауы керек. Қазіргі кезде туберкулезді емдеуге арналған 5-6 препараттың түрі бар. Егер соның бәріне микробактериоз үйреніп алса, жағдай қиын. Жазылу-жазылмауы – белгісіз.

- Туберкулезді халқымыз "өкпе ауруы", "құрт ауруы" дейді. Соған қарағанда бұл ежелден келе жатқан ауруға ұқсайды...

- Иә, адамзат пайда болғаннан бері бар. Терімшілік пен аңшылық дәуірінде де өкпе ауруы болғаны археологиялық деректерден белгілі. Мәселен, Мысырда осыдан 5 мың жыл бұрын жерленген мәйітханадан өкпе ауруының микробтары табылған.

- Өкпе ауруын емдеудің жолдарын айтыңызшы. Қазақстанда бұл ауруды қалай емдейді? Жаңа дәрі-дәрмектер, туберкулезді табудың жаңаша әдістері бар деген едіңіздер...

- Туберкулезді емдеудің жолы, жоғарыда айтқанымдай, дәрі-дәрмек. Антибактериалды преператтар. Оны үзбей ішу керек. Бір ішкенде, біреу емес, бірнеше дәрі ішеді. Кейбір пациенттерге уыстап ішуге тура келеді. Бір күнде 24 дана дәрі ішеді. Неге десеңіз, туберкулездің бактериясы өте әккі, залым. Ағза жасушасының қуыс-қуысына еніп алады. Мұны фагоцитоз құбылысы дейді. Бір дәрі туберкулез таяқшаларының көбейіп кетуінің алдын алса, енді бірі микроб қабықшасының ішіне еніп, оны құртуға жұмыс істейді. Енді бірі қуыста қалған микробты сыртқа шығарады. Бір дәрі тыныс алуға, тағы бірі тамақтануға көмектеседі. Солай кете береді. Туберкулезді жан-жақтан қаумалап жеңбесе, былай жеңе қою қиын.

Ал дәріні неге ұзақ ішу керек дегенге келсек, ол адамның биоритміне байланысты. Адамның денесі 6 айда, 12 айда бір тазарады. Мүшел жас деген де содан шыққан. Яғни, адам ағзасы жаңарған кезде, әлгі тығылып, бұғып жатқан ауру микробтар сыртқа шығады. Сол сыртқа шыққан сәтте-ақ, оны нейтралдау керек. Бірақ біз адамның ағзасы қай уақытта жаңаратынын білмейміз. Сондықтан дәрі қанда 6-12 ай бойы айналып жүруі керек.

Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше болғандықтан, туберкулезді емдеудің халықаралық, заманауи әдістерін қолданады. 2016 жылдан бері еліміз дәріге тұрақты туберкулезді емдеу үшін ДДҰ ұсынған жаңа препараттарды, соның ішінде қысқа мерзімде туберкулезді емдеуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін қысқа мерзімді емдеу жүйесін енгізіп жатыр. Қазақстанда туберкулезбен ауыратын науқастарды емдеудің тиімділігі – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Елімізде туберкулездің тұрақты формасына шалдыққандардың 95 пайызы емделіп шығады. Осы тұрақты туберкулезге қарсы жаңа дәрі-дәрмектерді енгізудің арқасында жанама әсер азайды.

Тағы бір айта кетерлігі – біз науқасқа индивидуалды ем беру схемасын енгізуге қол жеткізген елміз. Яғни, науқастың ауру деңгейін дәл анықтай отырып, оны тез жазуға көмектесетін арнайы схема жасап береміз.

Қазақстан – Орта Азияда алғаш болып туберкулезді жылдам анықтаудың жолын енгізген ел. Бұрын науқастың ауруын анықтауға 3-4 ай кетсе, қазір 3-4 күннің ішінде дәл диагноз қойып, нақты ем-шара қолдануға болады. Ал дәл емделген науқас тез жазылады.

- Туберкулез асқынбай тұрып дәрігерге қаралған дұрыс, әрине. Ал аурудың басты белгілері қандай?

-  Ауру симптоматикасыз болуы мүмкін. Анық байқалмайды. Мұндайда жыл сайын бір рет қаралған, флюорографияға түскен дұрыс. Ал басты белгілеріне келсек, ол – жөтел, әлсіздік, температура. Жай суық тиді, тұмау тиді деп көбі мән бермеуі мүмкін. Бірақ жөтел ұзаққа созылып кетеді. 2-3 апта жөтелген адамның дәрігерге қаралғаны жөн. Жөтел қақырық аралас болуы мүмкін. Кейде қақырық болмайды. Дене қызуы көп көтерілмейді. Бірақ 37-38 градустан түспеуі мүмкін. Әсіресе, кешке таман қызу көтеріледі. Түнде терлеу, денеден бүршік, бөрткен пайда болуы да  – осының белгісі.

Аурудың профилактикасымен айналысатындар бар да, асқындырып алатындар бар. Асқындыруға жол бермеу керек. Айлап жөтеліп жүре берген адамның өкпесі езіліп, түкірікпен еріп кетуі мүмкін. Өкпеден түк қалмайды. Ал өкпе езіліп кетсе, нені емдейміз сонда? Емдейтін ағза жоқ қой.

 Елімізде тексерілу тегін. Аппарат бар. Нәтиже аз күнде дайын болады.

- Қымыз бен шұбат өкпе ауруын емдейді. Мәселен, Қаныш Сәтбаев Баянаулдың бөктерінде саумал ішіп жатып туберкулезден емделген деседі. Кәрістер иттің еті де туберкулезді емдейді деп жатады. Бұл қаншалық рас? Жалпы халық медицинасының өкпе ауруын емдеудегі шамасы, қуаты қаншалық?

- Туберкулездің таяқшасы алғаш рет 1882 жылы ашылған. Ал 1940 жылы  алғашқы дәрі-дәрмектер ойлап табылды. АҚШ микробиологы Зельман Васкман микробқа қарсы алғашқы стрептомицин антибиотигін жасап шықты. Қаныш Сәтбаев ауырғанда дәл осы антибиотикті ішкен. Кейін барып саумалмен емделген.

Бұдан шығатын қорытынды не? Туберкулезді емдеу үшін ең алдымен препарат керек. Адамзат бұл жұқпалы дертпен атам заманнан күресіп келеді. Оны емдеудің тиімді әдісі соңғы 50-70 жылда ғана табылды. Сондықтан өкпе ауруын емдеу үшін ең алдымен антибактериалды дәрілер керек. Ал қымыз бен шұбатты қосымша ем ретінде пайдалануға болады. Өйткені олар адамның жалпы иммунитетін көтереді. Адамға қосымша күш береді.

Ал иттің етіне келсек, бұған медицинада арнайы ғылыми зерттеу жүргізілген. Бірақ иттің еті туберкулезді емдейді дегенге, нақты дерек табылған жоқ.

- Туберкулезге шалдықпас үшін не істеу керек? Қоғам мүшелеріне кеңес беріңізші...

- Алдымен сақтық шаралары қажет. Айналаға, қоршаған ортаға қараған, мән берген жөн. Егер біреу жөтеліп, қақырық түкірсе, оған туберкулез деген аурудың бар екенін айтып, сақтандырған дұрыс. Бұған өзіңіз де абай болыңыз. Туберкулез таяқшасы аспаннан келмейді. Контакті, қарым-қатынас болғаннан келеді.

Екіншіден, туберкулезге қарсы екпе салдырған абзал. Үшіншіден, жалпы иммунитет пен гигиенаны, тазалықты ұстаған жөн. Негізі, адам дұрыс тамақтанып, дұрыс ұйықтаса, күйзелістен ада болса, ешқандай ауруға шалдықпайды. Иммунитеті мықты адамға туберкулез жұқпайды.

Жалпы адамның ағзасында туберкулез таяқшасының болуы қалыпты, заңды. Бірақ ол ауру тудырмауы мүмкін.

- Жақын адамы туберкулезге шалдыққанын білген адамға не істеген жөн?

- Ең алдымен, туберкулез жұқпалы ауру болғанымен, ол дәл коронавирус не тұмау сияқты қауіп төндіретін ауру емес екенін білген жөн. Әрі өкпе ауруының емі бар. Жазылып кетуі ықтималдығы – 100 пайыз. Туберкулез тек тығыз байланыс болғанда ғана жұғады. Қорқатын нәрсе емес. Осыны ескеріңіз.

Ал туберкулез табылған адам стационарлық емге жатқызылып, кем дегенде 2-4 апта жабық емде болады. Бактериалды кезең аяқталғаннан кейін, яғни, жұқпалы қаупі жойылғанда ғана үйіне қайтарылады. Ондай адам қоғамға қауіпсіз, зиянсыз.  

Екіншіден, біз науқастан туберкулез анықтаса, онымен жақын қарым-қатынаста болған жандардың барлығын тексереміз. Қазақстанда қазір мынандай ем түрі бар. Латентті емдеу деп аталады. Яғни, туберкулез анықталған адаммен қарым-қатынаста болған адам 3-6 ай бақылауда болып, оған профилактикалық дәрі-дәрмектер беріледі.

- Туберкулезге шалдыққан жандарға қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?

- Бұл ауруға шалдыққан адамның ем-домы, дәрі-дәрмегі бәрі тегін. Мемлекеттен беріледі. Одан бөлек, емдеуді үзбеу үшін тұрмысы төмен жандарға ай сайын 10 АЕК есебінде жәрдемақы беріледі. Егер емдеуді доғарса, онда жәрдемақы да тоқтайды. Бұл – науқастардың емді үзбеуіне стимул үшін тағайындалған көмек.

Ауруға шалдыққандардың 70 пайызы стационарлық емде болады. Сондықтан жол шығынын азайту үшін қазір цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Яғни, науқас ішкен дәрісін, уақытын бәрін көрсетіп, видеоесеп беріп отырады. Дәрігер оны есептеп, сол арқылы бақылауда ұстайды.