Зейнеткерлер емханаға өтініш жазып тіркеле алады

Зейнеткерлер емханаға өтініш жазып тіркеле алады
Фото: massaget.kz

Бұдан былай еліміздегі бірқатар азаматтар медицина ұйымдарына қағаз түрінде өтініш жазып тіркеле алады. "Денсаулық сақтау министрлігі мұндай шешімді электронды үкімет порталы арқылы тіркелу кезінде туындаған мәселелерді реттеу мақсатында қабылдап отыр" – деп хабарлайды "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалы.

"ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емханаларға 2019 жылдың 1 қазанынан бастап бірнеше санаттағы азаматтарды қағаз түрінде жазылған өтініш арқылы тіркеу туралы тапсырма берді. Аталған санаттардың арасында зейнеткерлер, мүгедектер, бала кезінен мүгедек саналатын тұлғалардың (соның ішінде, кәмелет жасына толғандар) күтушілері, сондай-ақ, баланың заңды өкілдері, қамқоршылары мен патронаттық тәрбиешілері, қылмыстық-атқару мекемелерінде отырғандар, студенттер, әскери борышын өтеп жатқан азаматтар, шет мемлекеттерде туылған балалар, бөбектер, жетімдер үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінің тұрғындары бар", - делінген салалық мекеме хабарламасында.

Қордың Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, жоғарыда атап өтілген санаттар нормативтік-құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін тіркеу туралы арызды сенімхат негізінде рәсімдей алады.

Естеріңізге сала кетсек, қазір елімізде жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны жүріп жатыр. Екі айға созылатын дәстүрлі шара 15 қарашада аяқталады.

Т. Есқали