Зика вирусы дегеніміз не?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Латын Америкасының бірнеше елінде таралған африкалық Зика вирусы Батыс жартышарға толығымен қауіп төндіретінін ресми мәлімдеген болатын.

Зика вирусы ең алғаш рет 1947 жылы Угандада анықталған болатын. Зика безгегі, негізінен, маймылдарда кездеседі, ол - өткір инфекциялық ауру. Алайда кей жағдайларда ол адамға маса арқылы жұғады, әдетте зиянсыз безгек түрінде пайда болады. Алайда вирус жаңа туған нәрестелер үшін қауіпті, нәрестеде вирус микроцефалия тудыруы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа туған нәрестелердің дамуын бұзатын Зика безгегі вирусы Оңтүстік, Солтүстік Американы түгелдей қамтуы мүмкін деп болжауда. ДДСҰ вирус тіркелген аудандарға баратын барлық әйелдерге сапар алдында және соңында дәрігерлер кеңесіне міндетті түрде жүгінулерін ескертіп отыр.

ДДСҰ және Еуропалық инфекциялық ауруларды бақылау және алдын алу орталығының ресми ақпаратына сәйкес 2015 жылғы сәуірден бастап Бразилияда, Оңтүстік Американың басқа да елдерінде Зика безгегі эпидемиясының артқаны байқалады. Қазіргі сәтте Бразилияның 18 штатында 500 мыңнан астам осындай оқиға тіркелгені белгілі. Биылғы жылы Оңтүстік, Орталық және Солтүстік Америкада үштен төрт миллионға дейін адам Зика вирусын жұқтыруы мүмкін. Олардың көбінің ешқандай белгілері жоқ, алайда, бұл вирустың жаңа туған нәрестелерде ми ақауларының пайда болуына әкеп соқтырады деген күдік бар. Айта кетерлігі, АҚШ бұл вирусқа қарсы вакцинаны ағымдағы жылдың соңына қарай сынақтан өткізе бастамақ.

Дереккөз: inform.kz