24 сағатта тұмаудан арылудың жолы
Жапондық фармацевтикалық Shionogi&Co компаниясы ғалымдары жуырда тұмауды 24 сағат ішінде адам организімінен мүлде жойып жіберетін дәрілік зат ойлап шығарды.
Көктемнің басы талдардың бүршік атып, табиғаттың оянуынан басталады десеңіз қателесесіз. Көктем жеңілсе де майдан даласын тастап кетуге қимаған қарт батыр мен жеңіске бір қадам қалғанына көзі жетіп тұрып, қайта-қайта ұрыс даласында атой салған жас батырдың арасындағы қоян-қолтық ұрысқа ұқсайды. Яғни, бірде қар жауып, бірде жаңбыр тағы бірде күн шектен тыс ысып адамдарды әбігерге түсіреді.
Мамандардың айтуынша, дәл осындай ауа-райында иммунитеті төмен адамдар тез тұмауға шалдығады. Статистикаға сенсек адамдардың жаппай тұмаурататын уақыты, тұмау вирусының өршитін қолайлы мезгілі күздің соңы мен көктемнің басы екен. Бірақ, енді алаңдауыңыз орынсыз.
Жақында ғана ғалымдар тұмаудан әп-сәтте құтылатын препарат ойлап тапты. Тәжірибе барысында Shionogi&Co компаниясы препараты басқа тұмауға қарсы дәрілерге қарағанда тез әсер ететіні дәлелденді. Басқа дәрілерді сіз күніне 3 реттен апта бойы ішсеңіз, жаңа препаратты бір-ақ рет қолдану жеткілікті. «Супер дәрінің» тұмауға қарсы сатылымдағы дәрілерден айырмашылығы – тұмау вирусы адам организміне енгеннен кейін организмді ақуызбен бірге вирусты өндіруге, көбейтуге, таратуға мәжбүрлейді. Қолданыстағы дәрілер вирусты адам клеткасына енгізбеуге тырысады. Ал, вирус организмге еніп, орнығып алса оны денеден жоюға ұзақ уақыт жұмсайды. Жаңа дәрі керісінше вируспен күреспейді екен. Тек, организмде белокпен бірге вирустың көбеюіне таралуына жол бермейді.
Жапондық компания сату құқығына рұқсат алса, наурыз айынан бастап жаңа препаратты сатуды жоспарлап отыр. Аталған жоба тек, тұмау вирусымен ғана емес, әлемдегі зиянды барлық вирус атаулымен күресудің жаңа белесі болмақ дейді мамандар.
Т. Раушанұлы