Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Фоторепортаждар / Қош келдің, ару Көктем Алматыға!

Қош келдің, ару Көктем Алматыға!

Қош келдің, ару Көктем Алматыға!

Жаймашуақ көктемнің алғашқы күндеріне де аяқ бастық. Көктем күнінің шыққанына, құс үнінің шырқалғанына масайрап, "ә, бүгін қыдыратын күн екен!" деп терезеден қызықтап жүрген боларсыз. Ал, біз нәзіктік пен тазалықтың, жаңару мен жанданудың эталонына айналған бұл жыл мезгілі ару қаламызға қалай келгенін бақылау үшін көшеге шықтық. Ендеше, көктем құшағындағы Алматыны біздің бүгінгі фоторепортажымыздан тамашалаңыздар.

Көптен күткен көктем мезгілі – жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін, бар тіршілік атаулының қайта тірілетін шағы. Қалың қарды қақ жарып шыққан мына тіршілік иесі соның айқын дәлелі. 

Астанаға көктем кешігіп келсе, ару Алматыға ерке көктем жылда ерте келеді. Қалың қар да ерте келген көктемнің әсерінен амалсыз жылғаға айналып жатыр екен.

Көктемнің оңтүстік өңірде ерте, солтүстік аймақтарда кеш келетінін ғалымдар әр елдегі географиялық жағдаймен байланыстырады. 

Ал үш ай бойы ауыр қардың астында бастырылған тіршілік иелері қысқы тондарын шешіп, көк аспанға көктемді шын сағынғандарын жарыса айтып тұрғандай.

Жер-Ананың мейіріне бөленген, мына жәндіктерге де жан біте бастады... Айналадағы барлық табиғат иесінің бойынан жылулық байқалады. 

Себебі, көктемде жәндіктер мен хайуанаттар қысқы ұйқысынан оянып, тіршілігін бастайды. Тіпті, талынан амалсыз үзіліп түскен жансыз жапырақтар да қар құрсауынан босап, көктен жылу күтетін тәрізді.

Ал қысы-жазы өң бермеген шыршалар жердегі жылу күткен жансыз жапырақтарға паңдана, маңғаз қарап тұрғандай.

Тамылжыған бұл тыныштықты, тек құстардың үні ғана бұза алатындай. Көңілге қуаныш сыйлап, көктемнің көркіне айналған жыл құстары да осы жыл мезгілінде оралады.

Қалың қардың астында сары алтындай жапырақтар мен жәндіктер келер көктемге сән берсе, өткен жылдан өкініштей болып қалған қоқыстар оның сұрқын қашырады. Сәйкесінше, тазалық қызметкерлері де құрал-саймандарын алып, өз істеріне кірісті.

Бір қуантарлығы, қыс бойы мұң басқан саябақ орындықтары енді жалғызсырамайтын болды. Құдды таяғына сүйенген қартқа да, сәбиін жетектеген анаға да, қол ұстасқан қос ғашыққа да құшақ жая қарсы алатынын білдіріп тұрғандай.

Қабағы қатулы, аязы ашулы қыстан арылған бақ та меймандарын күту үшін қамданып жатыр екен. Көктемді сағынған қала тұрғындарына қуаныш сыйлауға жалғыз саябақ орындықтарының шамасы жетпейтінін іштей сезетіндей.

Мынау түйе де "арқалар ауыр жүгің болса, әкел бері" дегендей, тәкәппар кейіп танытады. Бұдан кейін "бұл көктем мүсіндерге де жан бітіріп жіберген бе?" деген ойға қаласың.

Осы бақта көктемнің шуақты күнін көптен күткен ана сәбиін серуендетіп жүр екен. Кім біледі, бұл көктем әлгі балақайдың алғашқы көктемі шығар. Қалай десек те, күн нұрына бөленген мезгіл шуағы мен ана махабатының жылуы әдемі үйлесім тапқан секілді.

Осылай ойға шомып келе жатып, саябақтың әткеншектеріне көзіміз түсті, олар да шаналарын тастаған ойын балаларын қатты сағынып қалыпты.

Шуақты күн адамзат баласына жылуымен қатар қуаныш сыйлап тұрғандай... Оны күнделікті сабағын ойдағыдай өткізіп, үйлеріне тарқасқан ойын балаларының жүздерінен байқадық.

Міне, осылайша көктемнің алғашқы күндері бізге де көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Түндегі жауған қарға қарап, суығына тоңдырып, ақ мамығын қондырған қыстың да бізді қимай-қимай кетіп бара жатқанын сезіндік. Қош бол ақша қар, қош келдің ару көктем!

Сурет: ©Мassaget.kz

Ілмек сөздер: көктем бейнесі, табиғат суреттері, күн шуағы, саябақ жасыл алқап, тамаша табиғат

4
Рейтинг: +6

Дайындаған: Ерболат Қанатбек
Қосылған күні:11 наурыз 2015, 20:31