Ықылықтан арылудың халықтық тәсілдері

Ықылық ату – диафрагмалық жүйке талшықтарының тітіркенуінен болады және ұзақ жалғасуы мүмкін. Ас қорыту жүйесінің және жүйке жүйесінің патологиясы кезінде бұл аурудың бір белгісі болып табылады. Ал басқа жағдайларда ықылықты кетіру оңай.

Ықылық атудың себептері:

- ішек-қарын жолы аурулары;
- орталық жүйке жүйесі аурулары;
- асқазан созылғаннан диафрагмалық жүйке талшықтарының қозуы;
- суық тию;
- стресс, психоэмоционалды қозу;
- ішімдік ішу.

Көбіне адам көп тамақ жеген соң ықылықтай бастайды. Диафрагмалық жүйке, асқазан қабырғасының оған шамадан тыс күш түсуі нәтижесінде қозады. Бұл диафрагма бұлшық еттерінің бейберекет тарылуына әкеледі.

Ықылық атудың көп таралған себептерінің бірі – суық тию. Температураның төмендеуін әсіресе кішкентай балалар сезгіш келеді. Ықылық басталғанда осыны да ұмытпаған жөн.

Күйзелістік жағдайларда немесе эмоционалды қозу кезінде ықылық атуды қандай да бір мүшенуің тартуы сияқты түсінуге болады. Бет пен дененің бұлшық ет талшықтары сияқты, ең ірі тыныс алу бұлшық еті – диафрагма – стресстік жағдайларда тарылуымен белгі береді. Сондықтан адам ықылық ата бастайды.

Ықылық ұзаққа жалғасқанда не істеу керек?

Ықылық жиі және ұзақ уақыт кетпей, адамды мезі етіп жіберген жағдайда ғана дәрілік препараттар қолдануға болады. Ықылықты басу үшін диафрагмалық жүйкенің тонусын қалыпқа келтіру керек. Ол үшін бас ми қабығындағы қозуды басатын седативті құралдар пайдаланылады.  

Халық арасында деміңді толық ішке тартып, қайта шыққанша тез бірдеңелерді айту керек деген тәсіл кең тараған. Бұл ең оңай жолы. Ал ықылық ұзаққа жалғасқанда шипалы шөптер мен тұнбаларды пайдалануға тура келеді.

Ықылықты тез басуға қалақай мен жалбыздың қайнатпасы көмектеседі. Ол үшін 2 үлкен қасық қалақай мен жалбызды 200 мл қайнаған суға қосып, аз отта қайнатыңыз. Қайнаған соң қайнатпаны сүзіп алып, суытыңыз. Ықылық басталғанда аз-аздан ішіңіз.

Сонымен қатар, ықылықтан қарапайым картоп арқылы да арылуға болады. Екі түйнек картопты қайнатып, қабығымен қоса езіңіз. Алынған картоп езбесіне 2 шай қасық қыша қосып, жақсылап араластырыңыз. Езбеден кішігірім шелпек жасап, ішіңізге, кеуде шетінің ортаңғы жағына қойыңыз.

Картоп пен қыша қоспасының орнына қарапайым қышаны да пайдалануға болады. 

Оқи отырыңыз:

Ықылықтап қалсаңыз

Біз неге түшкіреміз, есінейміз, керілеміз, ықылықтаймыз?

Сурет: tvr-life.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина