- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Ұлы Абайдың Алакөлге...
Ұлы Абайдың Алакөлге сапары
Елімізде табиғатының сұлулығымен саяхатшылардың назарын өзіне аударып, ішкі туризмдегі демалыс кешендерінің қатарын толықтыратын табиғи орындар өте көп. Қазақ даласының қай қиырына барсаңыз да таңғалдыратын, сұлулығына көз тоймай, қимастықтан жолдан қалдыратын көрікті мекендер көп. Қазақстан туризмін 2020 жылға дейін жандандыру мақсатында әр туристік нысанның атқарып жатқан қызметі, дәл сол табиғи аумақтың табиғатындай көңіл толтырады.
Алакөл көлінің демалушылар санын көбейтіп, табиғи аумақтың хал-ақуалын жандандыру мақсатында биылғы жылы Үшарал қаласында әуежай ашылғандығын басшылыққа ала отырып, ел туризмінің оңалып келе жатқанын дәлелдейміз. Бірнеше ғасырлық тарихы бар бұл көлдің демалушылары да Алакөлдің бұрынғы жайын білуге құштарлық танытады. Әңгімеге арқау болған табиғи аумақ, хамеллион сияқты басқа кейіпке өзгеріп шыға келмейді. Қазір қандай болса, бұрын да сондай болды. Арнасы толып, толқыны жаңа жарқабақты кейінге шегертті демесеңіз, тасты аймақтағы бұрынғы жартас сол жартас күйінде. Тек жағалаудың ар жағында жаға ұстатып айтар жаңалықтар өзгерді. 1968 жылы кеңес-қытай шекарасында өрт тұтанып, бірден басыла қойған оқиғаның құпияларынан бастап, кешегі Арқанкергендегі әрекеттердің барлығы айдынды Алакөлдің көз алдында болды. Жансыз заттарға тіл бітсе, біраз нәрсенің арты ашылып қалайын деп тұр, негізі.
Керемет табиғатымен шартарапқа белгілі болған бұл киелі өңірді көруге кезінде кімдер құмартпады?! Тіпті, қазақтың бағына біткен ұлы перзенті, данасы, данышпаны Абай Құнанбайұлы да бұл өлкеге аяқ басқан. Абай атамыздың Алакөлге келуіне осы бір жағдай себепші болыпты.
Алакөл аймағында, Ойжайлау дейтін тау етегінде болыс сайлау үшін, сол болыстыққа үміткерлердің жиыны өткізіледі. Осы мәселені ушықтырмай шешу үшін ел жақсылары Абай атамызды шақыртыпты. Семейден бес күн жол жүріп, Абай пәуескемен Ойжайлауға жетеді. Болыстыққа үміткер 7-8 адам бір-бірімен бәсекелесіп, барлығы Абайды асыға, киіз үй тігіп күтеді. Солардың ішінде 20 жастағы Дулат есімді жас жігіт те бар еді. Абай бесінші күні Ойжайлауға келіп түседі. Болыстыққа үміткерлер Абай атамыздың алдынан күтіп алып әбден жалпақтайды. Дулат мұндайды ұнатпай оқшаулау жүреді. Абай атамыз пәуескесінен түсіп, сәлем алып болғаннан кейін, үміткерлерді кезекпен таяғымен түртіп жатыр екен. Барлығы кейін шегініп, төмен қарай берген көрінеді. Кезек 20 жасар Дулатқа келгенде: «Соқыр Құнанбайдың ұлы, қой санап жүрмісің, тарт таяғыңды деп» деп Абайды ұнатпапты. Сонда басқа бәсекелестер қуанып, Дулат енді болыс бола алмайды, Абайды ренжітті деп ойлайды. Екі күннен кейін Абай болыстыққа Дулатты ұсынған екен. Сонда данышпан Абайдың барлығының кеудесін түрткені, қайсысының жүрегінде от бар екенін тексергені екен. Осы оқиғадан кейін Дулат пен Абай атамыз дәм-тұздас болып, жақсы араласқан екен. Дулат ел ішінде беделді, парасатты адам болып, осы болыстықта 30 жыл отырған. Алакөлдің ең бай екі адамының біреуі, осы кісі болған. «Дулаттың жылқысы қаптап келіп, Шынжылы өзеніне суға түскенде, су құрып қалушы еді» деп көзі қарақты қариялар бертінге дейін айтып жүрген екен.
Абайдың әкесі Құнанбай да – Алакөлге келген кісі. Барлық тауы жағынан келіп, үй тіктіріп, Барлық-Арасанда бір ай демалған екен. Сондай-ақ, 1846 жылы Ойжайлауда Құнанбай, Бексұлтан төре, Барақ сұлтан бастаған ел жақсылары Ұлы жүздің Ресейге бодан болуы туралы құжатқа қол қойған.
Айдынды Алакөлде жазылмаған тарихи оқиғалар жетерлік. Тек соны жариялайтын жұлқынған журналистер жоқ. Көзі қарақты қариялардың жанары да, өздері де жыл өткен сайын сағымдай бұлдырап кетіп жатыр. Олар айтар, айтуға талпынар, тек жастардың құлақ салудағы құлықсыздықтары аманат миссиясына қиянат жасап тұр ғой.
А. Қажиев