- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Тіл мерекесі құтты...
Тіл мерекесі құтты болсын!
Бүгін – мереке. Осыдан 28 жыл бұрын 1989 жылы 22 қыркүйекте қабылданған "Тіл туралы" Заңда "Тіл - халықтың ұлы жетістігі, әрі оның ажырамайтын және бөлінбейтін белгісі" делінген. Ал бірінші баптың бірінші тармақшасында "Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады"деп жазылған.
Қазақ тілі тарихында орын алған түрлі қиындықтар мен дағдарыстардың объективті себептері бар. Біріншіден, қазақ халқы үш ғасырға жуық орыс отаршылдығының қыспағында болып, ұлт ретінде жойылып кетудің бірнеше сатыларын бастан кешірді. Екіншіден, Жоңғар шапқыншылығының халқымызға тигізген зардаптары да орасан зор болды. Үшіншіден, Кеңес өкіметі жетпіс жылдан астам уақыт бойы ұлттардың жақындасуы деген желеумен ұсақ ұлттардың тілдеріне қысым жасап келгені белгілі.
Қазақ тілі – бай да құнарлы тілдердің қатарына жатады. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, шежіресі және түрлі әдеби мұралар бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Тіл тарихы халық тарихына ұқсас. Қоғамның жылжып, өзгеруіне байланысты тіл де дамып, өзгеріп отырады. Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше жетілген ұлттық тіл.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде" деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бірақ әлі шешілмей жатқан түйінді мәселелер де баршылық.
Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалатыны сөзсіз. Сан ғасырлардан аманат боп жеткен ана тіліміз дами берсін! Бүгінгі мереке құтты болсын!
Ж. Жұмағұлов